Сенбіліктер енді міндетті шараға және тұрақты бағдарламаға айналуы мүмкін

3474

Үкімет "Таза Қазақстан" экологиялық платформасы" кешенді жобасын жүзеге асыруды пысықтауда.

Сенбіліктер енді міндетті шараға және тұрақты бағдарламаға айналуы мүмкін Фото: aqorda.kz

Ел Үкіметі "қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыру және орта мектеп оқушылары арасында ағартушылық сынып сағаттарын өткізу жөніндегі кешенді бағдарламаны әзірлеу" мәселесін қарастырды.

Бұл туралы Мәжіліс депутаттарына хатында Премьер-министр Олжас Бектенов хабарлады.

"Биылғы 8 сәуірден бастап Қазақстанда елді мекендерді абаттандыруға, көгалдандыруға және санитариялық тазартуға бағытталған "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы өтті. Акция аясында өңірлерде 1,2 миллионға жуық адам тартылған 6,5 мың іс-шара өткізілді. Оны ақпараттық сүйемелдеу үшін республикалық және өңірлік ақпарат құралдарында 3 244 материал орналастырылды: телеарналарда – 568 сюжет, жаңалықтар порталдарында – 1 726 жарияланым, газеттерде – 950 материал жарияланды. Бұған қоса, әлеуметтік желілерде reels, stories-дерді есептегенде, 118,2 мың тақырыптық пост орналастырылды", – деді Үкімет басшысы.

Яғни, Парламент депутаттарынан, әкімдік қызметкерлерінен, мектеп, балабақша, аурухана, емхана, басқа да бюджеттік қызметшілерден сенбілікке қатысқаны туралы әлеужелідегі парақшаларында қысқаша пост жариялаудың не үшін сұралғаны енді белгілі болды.

Премьер іс осымен тынбайтынын, "экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралардың жүйелілігі мен сабақтастығын қамтамасыз ету" жоспарланып отырғанын жеткізді.

"Осы мақсатта Үкімет енді "Таза Қазақстан" экологиялық платформасы" кешенді жобасына бастамашылық жасау және іске асыру мәселесін пысықтауда. Бұл кешенді жоба еліміздегі барлық әлеуметтік топтарға, әсіресе, жастарға бағдарланады", – деді О.Бектенов.

Оның айтуынша, "Таза Қазақстан" мемлекеттік бағарламасы келесі бағыттарды қамтиды:

  • Балабақшаларда, мектептерде, жоғарғы оқу орындарында, басқа ұжымдарда, ел арасында экология саласындағы ағарту, үгіт іс-шараларын ұйымдастыру,
  • әртүрлі жастағы адамдарға және әлеуметтік-мәдени топтарға арналған арнайы білім беру бағдарламаларын әзірлеу,
  • олардың бәрін оқыту және ағарту үшін қолжетімді оқу материалдары мен ресурстарын, бейнероликтер жасау жоспарлануда.
  • Бұл іс-шаралар "білім беру мекемелерімен, музейлермен, қоғамдық ұйымдармен және басқа серіктестермен" бірлесіп ұйымдастырылады.

Қорыта айтқанда, кеңес заманынан қалған сенбіліктер енді мүлдем жаңа деңгейге шығады және тікелей мемлекеттің қадағалауында болуы мүмкін.

"Президенттің осы жұмысты тұрақты негізде жалғастыру қажеттігі туралы тапсырмасы бар. Соған сәйкес, Үкімет "Халықтың экологиялық мәдениетін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын" әзірлеуде. Тұжырымдамада барлық әлеуметтік топтар мен жастарды қамтитын идеологиялық бағыттағы шаралар көзделетін болады. Тұжырымдаманы бекітудің болжамды мерзімі – 2024 жылғы 1 қыркүйекке дейін", – деді Олжас Бектенов. Демек, барынша тез қабылданады.

Премьер осы және басқа да мақсаттар үшін өңірлік деңгейде жергілікті атқарушы органдарға – әкімдіктерге тиісті жоспарларын қабылдауға тура келетінін мәлім етті.

Үкімет сондай-ақ депутаттардың "сенбілікпен шектелмей, барлық орта мектеп оқушылары арасында экологиялық ағартушылық сынып сағаттарын өткізу" бастамасын қарады.

Бектеновтың айтуынша, мұндай шаралар білім жүйесіне қазірден енгізіліп жатыр.

"Еліміздің білім беру жүйесінде оқытудың барлық кезеңдерінде экологиялық тәрбие мен экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған шаралар көзделген. Мәселен, мектепке дейінгі білім беруде қоршаған әлеммен танысу қарастырылған. Мектепте экология жаратылыстану-ғылыми цикл пәндері – география, биология, химия шеңберінде оқытылады. Сондай-ақ қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндердің – қазақ және орыс тілдері, әдебиеті, тарих және басқасының мазмұнына да енгізілген", – деді Үкімет басшысы.

Оның мәліметінше, бүгінде "экологиялық мәдениетті қалыптастыру" деген ұғымға аумақтарды көгалдандыруға және абаттандыруға арналған сенбілік-субботниктер, "Жасыл ел" қозғалысы шеңберінде жасыл желектер, ағаш отырғызу, еріктілер қозғалысы және басқасы жатады.

Қазақстанның барлық білім беру ұйымдарында биыл "Ынтымақ айы" айлығы жарияланды. Соның аясында "Таза Қазақстан", "Игі істер", "Каникулда кітап оқиық" және басқа да бірқатар республикалық акциялар ұйымдастырылады.

Бұл бастама өскелең ұрпақ арасында қайырымды істерді насихаттауға, қоршаған ортаға деген қамқорлық пен мәдениетті арттыруға бағытталған екен.

"Ағаш отырғызу эко-челленджі дәстүрлі шараға айналды, биыл ол барлық білім беру ұйымдарында екінші жыл қатарынан өткізілді. Оған ата-аналар, педагогикалық қауымдастық, депутаттар, қоғам қайраткерлері де атсалысуда. 2024 жылы іс-шараға 9-11 сыныптардың 180 мыңнан астам оқушысы қатысты. Барлығы 50 мыңнан астам жас көшеттер мен гүлдер отырғызылды. Білім беру жүйесінде, экологиялық білім беруде шәкірттерге жаһандық экологиялық ойлау, экомәдени құндылықтар, экологиялық мәдениет сияқты құндылықтарды сіңіруге баса назар аударылады. Тұтастай алғанда, қоршаған ортаны қорғау мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауында және тиісті жұмыс жалғасатын болады", – деп сендірді Премьер Олжас Бектенов.

Өз кезегінде, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Мемлекет басшысының жалпы саны 2 миллиард ағаш отырғызу тапсырмасына сәйкес, облыс әкімдіктері Экология министрлігімен бірлесіп, өңірлік тиісті кешенді жоспарларын әзірледі. 2021 жылдан 2023 жылға дейін Қазақстанда 840 миллионға жуық ағаш пен бұталар отырғызылды. Бүгінде бұл шараға сенбіліктер аясында жалпы халық, соның ішінде балалар да жұмылдырылуда.

Арал теңізі өңірінің экология жағдайын жақсарту аясында теңіздің құрғаған табанында сексеуіл егу, орман мелиорациясы бойынша жұмыс жалғасуда. 2025 жылға дейін 1 млн гектардан астам аумақта көшет отырғызу көзделген. Биылғы 2024 жылы Аралда 275 мың гектарға орман егу жұмысы жоспарланып отыр.

Сонымен қатар еліміздің елді мекендері аумағында 15 миллион түп ағаш отырғызу жұмысы жүргізіледі. 2021-2025 жылдар аралығында жыл сайын 3 миллион ағаш отырғызу жоспарланған.

"Президенттің бастамасымен осы жылдың наурыз айынан бастап "Таза Қазақстан" акциясы басталды, оның ішінде аумақтарды тазалау, жасыл желектерді отырғызу және стихиялық қоқыстарды жою бойынша акциялар бар. Акцияға 800 мыңнан астам адам қатысып, 165 мың тоннаға жуық қоқыс жиналды. 326 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды. "Бүкілқазақстандық орман отырғызу күні" акциясы аясында 203 мыңға жуық тал егілді", – деп хабарлады экология министрлігі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу