Африка ұлттар кубогының финалында орын алған даулы жағдайдан кейін Сенегал құрамасына 0:3 есебімен техникалық жеңіліс тіркелді. Осылайша, бастапқыда жеңіске жеткен сенегалдықтардың нәтижесі жойылып, Марокко құрамасы ресми түрде турнир чемпионы атанды.
19 қаңтар күні өткен финалдық кездесудің негізгі уақыты 0:0 есебімен аяқталған еді. Ойын барысында бірнеше даулы жағдай тіркелді. Екінші таймның қосымша уақытында видеоқайталаудан кейін сенегалдықтардың голы есепке алынбай, олардың қақпасына пенальти белгіленді.
Бұл шешімге наразы болған бас бапкер Пап Тиау командасын алаңнан алып кетіп, матч уақытша тоқтатылды. Шамамен 15 минуттан кейін сенегалдық футболшылар қайта алаңға оралды. Белгіленген пенальтиді қақпашы Эдуар Менди қайтара алды.
Қосымша уақытта Пап Гейе соққан жалғыз гол Сенегалға жеңіс сыйлап, команда кубокты иеленгендей болған.
Алайда матчтан кейін Марокко тарапы апелляциялық шағым түсірді. Нәтижесінде, Апелляциялық кеңес Сенегал құрамасының матчты жалғастырудан уақытша бас тартуын ереже бұзушылық деп таныды. Осыған байланысты ойын нәтижесі жойылып, Марокко құрамасына 3:0 есебімен техникалық жеңіс берілді.