Кейде осылай ашуға салатынымыз нағыз спорт жанкүйерлеріне тән қасиет екендігі белгілі. Астаналық Барыс пен санкпетерборлық СКА командасы арасындағы ойынды тамашалаған жанкүйерлер толықтай келісіп те отырған болар.
Өйткені, бұл түнде көбісінің ұйқысы да қашқан шығар. Кездесу, Нева өзені маңында орналасқан "Мұз сарайында" өтіп, біздің сонша ауыз толтырып мақтап жүрген Барысымыз бүкіл қазақ елін масқара етті. Сырттай қарап отырып, үлкендер мен кішкентай балалар ойнап жатыр ма деп қаласың.
Өйткені, бұл Барыс емес, мүлде ұқсамайды. Армия клубының алдыңғы шептегі ойыншылары Вячеслав Войнов, Илья Ковальчук, Евгений Дадонов пен Максим Чудинов сияқты шеберлері біздің қорғанысымызды емін-еркін бұзып өтіп, барыстықтарды балаша алдап кетіп жатқандарын көргенде, ұяттан емес-ау, намыстан өртеніп кете жаздайсың.
Бірінші кезеңде біздің қақпаға 5 гол соғылды. Командаға жаңадан қосылған қақпашымыз канадалық Кевин Пулен түк те істей алмады. 2-ші кезеңде оның орнына швед Хенрик Карлссон шығып, тағы екі гол жіберіп қойды. Ал соңғы кезеңде тура осындай көрініс өрбіді. Нәтижесінде, Барыс бірде-бір шайба соға алмай, СКА командасы алдында ойсырай ұтылды. Есеп 9 : 0! Осылайша турнир кестесінде осы 2 команда үшін еш нәрсе өзгерген жоқ десе де болады.
СКА осымен 15 рет қатарынан жеңіске жетіп, 79 ұпаймен бұрынғысынша Батыс конференциясында турнир кестесін жеке-дара бастап келеді, ал Барыс сол 40 ұпайымен Шығыс конференциядағы 8-ші орнын әзірге сақтап тұр. Барлық ойынның нәтижесі мынадай:
Амур – БСибирь: 3 – 4
Адмирал - ОТМеталлург Нк: 3–2
Куньлунь Ред Стар - Авангард: 3 - 4
Северсталь - Югра: 1 - 3
Витязь - БДинамо М: 3- 4
СКА - Барыс: 9 - 0
ЦСКА - Автомобилист: 2 - 0
Спартак - БТрактор: 1 - 2
ХК Сочи - Металлург Мг: 0 - 5
Астаналық клуб келесі ойынын 17-ші қараша күні Череповец қаласында жергілікті Северсталь командасымен өткізеді.
Жанат Қалықов