Сенімді жаңғырту

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
4315

Қазақстан президенті әлем мемлекеттеріне осындай үндеу арнады.

Сенімді жаңғырту

Бейсенбі күні Нью-Йоркте Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Біріккен Ұлттар Ұйымы қауіпсіздік кеңесінде "Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары" атты тақырыптық пікірталас  өтті. Күн сайын үдеп келе жатқан қауіпті елемеуге болмайды, әлемдік қауымдастық бұл проблеманы шешуге мүдделі.

Қазақстанның пікірталаста төрағалық етуі тегін емес. Оған Қазақстанның  БҰҰ қауіпсіздік кеңесінде төрағалық етуі ғана басты себеп емес, нақтырақ айтар болсақ, Қазақстан осыдан дәл  27 жыл бұрын ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, бүкіл әлемге үлгі болған еді.  

Алайда осыны барлық ел бірдей үлгі тұтып отырған жоқ. Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы А.Гутерриш отырыста атап кеткендей, қазіргі уақытта "ядролық қару мәселесі және басқа да мәселелер бойынша сенім азайып келеді". Оның айтуынша, қазір "суық соғыс" және одан кейінгі стратегиялық қаруларды қысқартуға арналған шараларды қолдану қаупі төніп тұр. Бұған қоса тараптар ядролық қаруды қысқартуға қатысты жаңа шараларды талқылауға ниет білдіріп отырған жоқ. Ал ол СНВ-3 келісімшартының орнын ауыстырар еді. Бұл келісімшарттың  мерзімі 2021 жылы аяқталады.

"Қоғамның барлық күшін аянбай салғанына қарамастан, жаппай қырып-жоятын қарудың төндіріп отырған қаупі әлі де сақталып отыр. Корея түбегіндегі жағдай бүгінгі күні барлық әлем үшін қауіпті болып саналады. Үдеп келе жатқан әскери конфронтация қаупі мен оның нәтижесінде адам айтқысыз салдарының орын алатыны толғандырады", – деді ол.

Өсіп келе жатқан қауіпке Қазақстан президенті өзінің баяндамасында тоқталды. Ол "бейбітшілік пен қауіпсіздікке қол жеткізу жолындағы сенім шаралары шиеленістің алдын алу және маңызды жаһандық проблемаларды шешу кезінде негізгі рөл атқаратынын" айтты. Алайда бүгінгі күні Қазақстан президенті өзара сенімді арттыру мәселесі бірқатар елдер арасында, сондай-ақ жаһандық деңгейде  өзекті және маңызды болып отырғанын айтуға мәжбүр. Тап осы сенім шаралары күн тәртібінде дүниежүзінде бейбітшілікті нығайтудағы жаһандық қауіпсіздікті қолдаудың басты элементі болып қалуға тиіс.

Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ жарғысында басты міндет – келешек ұрпақты соғыс апатынан сақтау болып белгіленгенін еске салды. Осы бағытта Қазақстан үлкен жұмысты небәрі 25 жылда атқарып тастады.

"Менің елім әлемдегі төртінші ядролық қару иесінен, ядролық қаруды таратпаудың көшбасшы еліне дейінгі жарқын жолды жүріп өтті. Семейдегі әлемдегі ірі ядролық сынақ полигонын жапқанын өздеріңіз білесіздер. Ядролық қарудан, ядролық держава мәртебесінен бас тарту – біздің саналы, шынайы таңдауымыз, бүкіл Қазақстан халқынан қолдау тапқан ерікті шара  болды және мұны әлемдік қауымдастық лайықты бағалады. Сондықтан бүгінгі күні біздің еліміз ядролық қауіпсіздік саласындағы барлық негізгі халықаралық келісімшарттардың қатысушысы", – деді мемлекет басшысы.

Елбасының пікірінше, дәл осы өзара әрекет ету атмосферасы халықаралық ынтымақтастықтың жаңа үлгісін қалыптастыруға көмектесуі мүмкін.  Бұл жерде тағы да Қазақстан барлығына үлгі болады. Өткен жылы Қазақстанда төмен байытылған уран банкінің ашылуы осындай ынтымақтастықтың айқын үлгісі бола алады. Осы арқылы Қазақстан бейбіт мақсат үшін уранды қауіпсіз қолдану, оны таратпау тәртібін нығайтуға өз үлесін қосты. 

Қазақстан президенті қазір орын алып отырған проблеманы шешу бойынша өз ұсынысын білдірді. Ол пікірталасқа қатысушыларға әлемдік қауымдастыққа қажет негізгі алты қадамды ұсынды. 

Бірінші. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығу процесін қиындату қажет деп санаймын. ҚХДР-дың әрекеті ядролық қаруды иеленсем деген амбициясы бар басқа елдерді осындай қадамға итермелеуі мүмкін. Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа күмән келтірмей, бұл шартты бұзатын елдер үшін осының нақты салдарын айқындайтын БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің арнайы қарарын әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын", – деді ҚР президенті.

Екіншіден, жаппай қырып-жою қаруларын иемденуге және таратуға қатысты қатаң шара қолданудың нақты жұмыс істейтін механизмін әзірлеу керек. Мұндай көпжақты келісімдерді БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің жекелеген қарарларында бекіту қажет. Жаппай қырып-жою қаруларын иемдену ниетіне жол бермеудің басты шарасы ретінде атом қаруын иеленуден ерікті түрде бас тартқан және ядролық қаруы жоқ мемлекеттерге ядролық державалардың беретін кепілдігін заң жүзінде міндеттейтін жүйені дамыту қажет", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Үшіншіден, жаһандық қауіпсіздік жүйесін жаңарту процесінің сәтті немесе сәтсіз болуы әлемдік қоғамдастықтың милитаристік анахронизмді еңсеру қабілетіне тікелей байланысты екенін атап өтті.

"Еш мағынасы жоқ әрі арандатушылық туғызатын әскери блоктарға бөлінуді өткеннің үлесіне қалдыру керек. Дәл осы тұста мемлекеттер арасындағы сенім аса қажет. Мен соғысқа қарсы жалпыәлемдік шаралар туралы көзқарасымды "Әлем. XXI ғасыр" атты манифесімде білдірдім. Бұл құжатта БҰҰ-ның 100 жылдығы қарсаңында ядролық қарудан азат әлем құруға жағдай жасайтын іс-қимылдарды ұсынған едім", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Төртіншіден, Қазақстан президенті халықаралық қарым-қатынасқа саяси сенім мен жүйелі диалогты міндетті түрде қайтару керектігін атап өтті.

"Іс-қимылды толықтай қамтитын бірлескен жоспар соның жарқын мысалы болмақ", – деді елбасы.  

"Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәміле қаруды таратпау саласындағы көпжақты дипломатияның табысты болатынын көрсетті. Ол күрделі мәселелерді келіссөздер арқылы шешудің тәжірибе жүзіндегі мысалына айналды. Осы келісім Қазақстан үлес қосқан сенім ахуалының арқасында жүзеге асты", – деді мемлекет басшысы.

"Осындай конструктивті тәсілді Солтүстік Кореяның ядролық проблемасын реттеуде де қолдануға болады деп ойлаймыз. Корея түбегіндегі қазіргі оқиғалар қарама-қайшылықтың өршіп тұрғанын көрсетіп отыр. Осыған орай мүдделі тараптарды Солтүстік Корея мәселесін неғұрлым жылдам әрі конструктивті жолмен шешуге шақырамыз. Сенім ахуалын қалыптастырудың және Пхеньяннің келіссөз үстеліне оралуының маңызды шарты ретінде "ядролық бестіктің" КХДР-дың қауіпсіздігіне кепілдік беруін жақтаймыз. Мүдделі тараптар қажет еткен жағдайда, Қазақстан келіссөз алаңын ұсынуға дайын", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.  

"Сенім шаралары бүгінде драмалық оқиғаларды бастан өткеріп жатқан Таяу Шығыс үшін де өзекті болып отыр. Сириядағы шиеленіс аймақтан алыс жатқан өңірлерге де зиянын тигізуде. Өзара сенімнің Женева келіссөздерін толықтырып, Сириядағы жағдайды бейбіт жолмен реттеуге қолдан келгенше үлес қосып келе жатқан Астана алаңындағы диалогқа негіз болғанын осы жерде ерекше атап өткен жөн", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президентінің айтуынша, бесінші қадам – бұл  жаппай қырып-жою қаруларының таралуымен күрес жүргізудегі тиімді құралдың бірі ‒ ядролық қарудан азат аймақтар құру.

"Бұл ұжымдық сенім білдірудің үлгісі болып табылады. Таяу Шығыста ядролық қарудан азат аймақ құруға күш-жігер жұмсауды жалғастыру маңызды деп санаймын. Мүдделі тараптарды жұмысты жаңғыртуға шақырамын және кейбір елдер арасындағы түсініспеушіліктер жақын арада шешімін табады деп үміттенемін", – деді ҚР президенті.

Алтыншы қадам – бұл жаңа қауіптерді ескерту. Қазақстан президенті қауіптерді  "ғылыми жетістіктерді пайдаланып, жанталаса қаруланудың жаңа толқынының туындауынан" көріп отыр. Осыған орай халықаралық қоғамдастық жаңа әскери және ақпараттық технологиялардың жасалуы мен таралуына бақылауды күшейтуге тиіс", – деді ҚР президенті.

Мемлекет басшысы сенім шаралары ғарыш кеңістігін милитаризациялаудың алдын алуға қатысты ортақ ұстаным қалыптастыру барысында да керек болатынын ескертті.

Мемлекет басшысы қақтығыстарды тиімді шешу үшін әлемдік ядролық державалар арасында өзара түсіністік пен өзара сенім орнатудың маңыздылығына назар аударды. Ядролық апаттың алдын алуға қатысты адамзат алдындағы зор жауапкершілік дәл осыларға тиесілі.

"Әлемдік ядролық державалар арасындағы өзара түсіністік пен өзара сенім жағдайында ғана көптеген қақтығыстың алдын алып, тиімді реттеуге болатыны бүгінгі күннің шындығына айналды. Ядролық апатты болдырмау үшін оларға адамзат алдындағы зор жауапкершілік жүктелген. Әсіресе  ірі ядролық державалар ядросыз әлем құру үшін күрестің алдыңғы шебінде болып, жаппай қырып-жою қаруларын қысқартудың үлгісін көрсетуі қажет. Бірақ бұл басқа елдер сырт қалуға тиіс, олар ештеңеге ықпал ете алмайды дегенді білдірмейді", – деді президент.

"Әлемдік қоғамдастық – алуан түрлі және көпқырлы сипаты арқылы күшейе түскен біртұтас организм. Ол жер бетіндегі ұлттар мен халықтар арасында теңгерім мен үйлесім болған кезде ғана алға басып, дами алады. Сол себепті біз құқық үстемдігіне негізделген қауіпсіз әлем мен әділетті әлемдік тәртіпке бірлесе қол жеткізуіміз керек. Бұл істе Біріккен Ұлттар Ұйымы қауіпсіздік кеңесінің рөлі зор және оған тарихи миссия жүктелетіні де сөзсіз", – деді Қазақстан президенті.

Сонымен қатар "Ұжымдық іс-қимылдан қуат алған әлемдік қоғамдастықтың сенімі, ерік-жігері мен ақыл-парасаты платенамыздың жаһандық апатқа ұшырауына жол бермейді деп сенемін", – деп атап өтті елбасы.   

Гүлназ Ермағанбетова, Ирина Севостьянова, Нью-Йорк

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу