Қазақстан Премьер-лигасының 17-туры аясындағы матчта петропавлдық "Қызылжар" өз алаңында "Астанамен" ойнады. Кездесудің алғашқы жартысында гол соғылмады. Екінші таймның соңында алаң иелері басымдықты пайдаланып, 89-минутта петропавлдық клубтың жартылай қорғаушысы Рафаил Оспанов жақын қашықтықтан Александр Заруцкийдің қақпасына дәл соққы жасады. Нәтижесінде кездесу 1:0 есебімен "Қызылжардың" жеңісімен аяқталды. Қазіргі таңда "Астананың" 39 ұпайы бар және турнир кестесінде екінші орында, ал "Қызылжар" 28 ұпаймен бесінші орында.
"Астананың" бас бапкері Григорий Бабаян ҚПЛ 17-туры аясындағы петропавлдық "Қызылжармен" (0:1) өткен ойынға қатысты пікір білдірді.
"Негізінде бірінші таймда он минут бойы бейімделдік, алаңға үйрендік. Бірінші таймда жақсы футбол болды. Ойынды бақылауда ұстадық. Бірақ біз бұл Қызылжардың стилі екенін, олардың жақсы қорғанып, ойында қарсы шабуылдар ұйымдастыратынын түсіндік. Өкінішке орай, гол соға алмадық. Екінші таймда, 48-минутта біздің футболшыны шынтақпен соқты. Алайда төреші ешқандай әрекет етпегені түсініксіз. Бұл жерде таза қызыл қағаз көрсетілу керек еді. Бұл бірінші сәт. Ал екінші сәт, енді ғана қарасам, Томасовқа таза пенальти беру керек. Мен VAR-ды неге ешкім қайта көрмегенін түсінбеймін. Оны қалай байқамайды? Бұл төрешілік немен байланысты екенін білмеймін. Бұған дейін "Атыраумен" өз алаңымызда өткен матчта екі рет доп қолға тиді. Соған қарамастан ешқандай реакция болмады. Нәтижесінде гол жіберіп алдық. Соңғы бес минутта "Қызылжар" жақсы қорғанды. Әрине, тығыз жарыс кестесі, үш-төрт күн бұрын Загребпен ойнадық. Ұшақпен ұшу өз әсерін тигізбей қоймайды. Бірақ, кез келген жағдайда мұндай матчтарда ұпай жоғалтуға болмайдын. Біздің жанкүйерлер осында келді. Мен оларға алғыс айтқым келеді. Бұл нәтиже үшін олардан кешірім сұраймын. Бізге ұзағырақ дайындалу керек, уақыт жоқ. Келесі матч үш күннен кейін. Рахмет", – деді Бабаян.
Айта кетейік, бірер күн бұрын елордалық ұжым Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойынын өткізген. Астананың қарсыласы Загребтік "Динамо" болды. Хорватия астанасында өткен кездесу алаң иелерінің пайдасына 4:0 есебімен аяқталды. Бірінші таймның өзінде-ақ Хорватия чемпиондары үш гол соқты. Бруно Петкович 36-минутта отандасы Йосип Хондричті қапы қалдырды. 41-минутта Лука Иванушец екінші допты астаналықтар қақпасына бағыттады. Екі минуттан кейін Иванушец дубль жасады. Ал екінші таймда, 56-минутта Иванушец хет-трик жасады. Ал қарымта ойын Астанада 2 тамызда өтеді.