Футбол тарихына алтын әріптермен жазылатын сәт! Ел астанасында өткен Қазақстан кубогының ширек финалында Премьер-лиганың алпауыты "Астана" өз алаңында "Жеңістен" жеңіліс тапты.
Матч нағыз драмаға толы болды. "Астана" 57-минутта Александр Марочкиннің голымен алға шыққан. Бірақ ойынның соңғы секундтарында, дәл 90+6 минутта "Жеңіс" сапынан Мика таблодағы есепті теңестіріп, матчты экстра-таймға жалғады.
Ойын тағдыры пенальтилер сериясында шешілді. "Жеңіс" батылдық танытып, 4:3 есебімен жеңіске жетті! Келесі қарсылас – "Тобыл".
Айта кетейік, жартылай финалдық матчтар 19 маусымда өтеді. Финалдық жолдамалар "Қызылжар" – "Ордабасы" және "Тобыл" – "Жеңіс" арасындағы матчта сарапқа салынады.