Сергей Малайдың сотта айтқандары белгілі болды

8945

Сергей Малай өлім аузында жүргенде, өзін ауылдастары  ғана емес полицияның да соққыға  жыққанын айтқан.

Сергей Малайдың сотта айтқандары белгілі болды

Еске сала кетсек Сергей Малайды 2 шілде күні Осакаров ауданының Центральное ауылынан полиция қамауға алған. Сергей  ұсталған күні қоғамдық тәртіпті бұзып, ауылдастарын балағаттаған. Осыдан кейін оны ауылдың бес тұрғыны жабылып ұрған. Осакаров аудандық сотының шешімімен  бұзақылық жасаған Сергей Малай  15 тәулікке қамауға алынған. Ол қамау изоляторында денсаулығы нашарлап, 10 шілде күні аудандық ауруханада көз жұмған еді. Сот барысында  ол өзін ауылдың бес тұрғыны ұрғанын, сондай ақ полиция қызметкерінің де соққыға жыққанын мәлімдепті. Бұл сот барысында түсірілген  бейне және дыбыстық жазбада бар. Сол кезде Сергей өзінің қан құсып, денсаулығының нашарлағанын, өзіне ешкімінің дәрігер шақыртпай отырғанын, әрі ұялы телефонын да тартып алғанын судьяға жайып салған. Судья  Нұр Абылханов Сергей  Малайдың  шағымы бойынша прокурорға жағдайды анықтап, тексеруге әрі оны соққыға жыққан ауылдастарымен полицияға  қатысты шағым  жазуға көмектесуіне тапсырма берген.

Бұл мәселеге қатысты облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, Осакаров аудандық сотында судья прокурорға соттан кейінде Сергей Малайға  жедел түрде медициналық қызметтің көрсетілу барысын қадағалауды тапсырған. Сондай ақ 2019 жылдың  1 қаңтарымен 3 шілдесі аралығында Осакаров аудандық сотына Сергей  Малайдың  әкімшіліктік құқық бұзушылық жасауына қатысты 9 іс келіп түскен. Марқұм әрбір құқық бұзушылық бойынша кінәлі болып танылып, әртүрлі әкімшіліктік жазаға тартылған. Облыстық  соттың  баспасөз қызметінің таратқан мәліметінше, 2 шілдеде болған  жанжал жеке тергелуде.  Сол күнгі төбелестен  кейін, ауыл тұрғынының  бірі қайтыс болған, оған соққы жасады деген күдікпен  Сергей Малай тіркелген.

Бұған дейін Қарағанды облысының полиция  департаменті Сергей Малайды қамау изоляторында полиция қызметкерлерінің  ұрып-соғуы анықталған жоқ деген мәлімет таратқан еді. Бүгінде тергеп-тексеру аяқталмағандықтан, қандай да бір қосымша ақпарат берілмеді. Полиция қамау изоляторына Сергей үшін бірнеше рет жедел жәрдемді шақыртқанын айтқан болатын. Дегенмен облыстық денсаулық сақтау басқармасы әлі де қызметтік тексерудің жүріп жатқанын мәлімдеп отыр.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу