Сергей Малый: Бельгияға күш сақтамай, Кипрді жеңу қажет

2684

"Қазақстан – Кипр" матчы алдында ұлттық құрамамыздың қорғаушысы Сергей Малыймен сұхбаттастық. 

Сергей Малый: Бельгияға күш сақтамай, Кипрді жеңу қажет Фото: kff.kz

– Сергей, Сіз Кипр құрамасына қарсы осымен үшінші мәртте алаңға шығасыз. Ойынға деген дайындық қалай?

– Дайындық өте жақсы десем де болады. Тек құрама сапында қорғаныста ойнайтын екі ойыншы жарақат алды. Юрий Логвиненко мен Нұралы Әліптің қатарда болмағаны, әлбетте, өкінішті. Дегенмен, біз қорғаушылар Кипр шабуылшыларының адымын аштырмаймыз. Олардың қалай қимылдайтынын біліп алдық.  Барлығы ойын барысында белгілі болады.

– Араға үш күн салып Қазақстан құрамасы атақты Бельгиямен кездеседі. Негізгі күшті сол ойынға сақтап қаласыздар ма?

– Шынын айтсақ, қазір Бельгия туралы ойлап отырған жоқпыз. Ол – әлемнің үздік командаларының бірі. Ал біздің мақсат – Кипрді жеңу. Халықаралық кездесу болғаннан кейін, мұнда ұпай беріледі, рейтингте де көтерілеміз. Сондықтан кез-келген матчқа жеңіске жету үшін шығамыз. Бельгияны қоя тұрып, бірінші мақсатымызды орындауымыз керек. Оның үстіне Бельгияға қарағанда, Кипр біздің тікелей бәсекелес болып отыр.

– Өткенде Ресеймен болған ойынды жақсы өткіздіңіз. Алайда команда соңғы сәтте гол жіберіп алды. Оның себебі неде?

– Ресеймен өткен ойында қорғанысты мықтап ұстадық. Бірақ  мүмкіндіктерді жіберіп алдық. Ойынның соңына қарай шаршап қалдық, қақпамызға гол еніп кетті. Екі ойын қатарынан өткізу, әрине, қиындық тудыртатыны анық. Оның үстіне ұшып бару, ұйқының ауысуы, климаттың өзгеруі – барлығы да әсер етеді. Дегенмен, біздің құрама ең алдымен қорғаныста мықты ойнауға тиіс.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу