"Сергек" неге жақсы аттан гөрі жаман сөзді көп арқалады

613

Кейбір көлік жүргізушілеріне аса ұнамаса да қырағы камералары арқылы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысқан Sergek жүйесі жақында елордадағы жұмысын тоқтатты.  

"Сергек" неге жақсы аттан гөрі жаман сөзді көп арқалады Фото: bluescreen.kz

Астанада сегіз жыл бойына мыңдаған адамдардың көлік апатынан аман қалуына септігін тигізіп, ереже бұзғандарды жаппай анықтаған "Сергек" қызмет еткен жылдарында жақсы аттан гөрі жаман сөзді көп арқалады, яғни оның адал қызметі жауапсыз жандарға жаға қоймады.

Жобаның негізін қалаушылар  осы салаға еліміз бойынша алғаш болып жол салған, павлодарлық ағайынды Әсет және Қайрат Ахметовтер. Әсеттің айтуынша, бұл компания Қазақстанда осы қызметті көрсететін өзге әріптестерімен салыстырғанда түпкі бағдарламасы "өзіміздікі" болуымен және компания қызметкерлері ұлттық мүдде жолында еңбек етуімен, олар үшін қомақты қаржыдан бұрын ұлттық қауіпсіздік бәрінен маңызды тұруымен ерекшеленеді. Бүгінде "Сергек" Астанада қызметін тоқтатқанмен Қазақстанның өзге 12 қаласында жұмысын жалғастыруда.

"Ағам Қайрат Ахметов 1990 жылдары физикадан халықаралық олимпиадада жүлделер алып, Қазақстанның атын шығарған алғашқы адам. Алматыда 2006 жылы инженерлік салада 3-курста оқып жүргенде екеуміз  кішігірім бизнес бастадық. Интернет кафе ашып, сайт, ІТ телефония қызметтерін көрсетіп жүрдік. 2013 жылы жеке кәсіпкерлігімізді кеңейтіп ЖШС құрдық. Мұнда СРМ жүйелерін дамытып, "Телеком" операторын іске қостық. Ғаламтор лицензиясын алып, оны саттық. 2015-16 жылдары "Сергек" сияқты, Ресейден импортталған кешендер бойынша қызмет көрсеттік. Сол жылдары біз мұндай кешендерді өзіміз де істей алатынымызды түсіндік. Ақыры өзіміздің бағдарламашылардың көмегімен жобаны жасап, әуелі оны компанияның өз ішінде пилоттық жоба ретінде енгіздік. Ол кезде қазіргі атауы болмады. Ал Астана қаласы әкімдігімен ресми келісімшарт 2017 жылы жасалды",  деп бастады сөзін Әсет Ахметов.

Әрі инженер, әрі кәсіпкер отандық өнімді шығаруда қандай қиындықтар туындауы мүмкін екенін де айтып берді.

"Сергек" сияқты ішкі қауіпсіздік мәселесіне жауапты жобалар бойынша компанияларды таңдағанда оның қай елден екеніне, өзіміздікі болса да ішкі бағдарламасы қай елде жасалғанына аса мән беріп, бұл мәселеде өте абай болған жөн. Себебі оның атын қазақша етіп, сыртын өзімізден жасап іске қосқанымен діңі, түбірі Қытай мен Ресейден әкелінген болып шығады. Мәселен, қазір бізден басқа осы қызметті көрсететін нарықтағы компаниялардың бағдарламалары – Қытайдың не Ресейдің өнімі, бірақ барлығының сертификаттары да, аты да қазақша, ал ішін ашсаң өзгенікі. Бұл елдегі ақпараттың өзгелерге кету қаупі бар екенін білдіреді. Олардың салығы да шетелге кетеді. Ал біздің олардан айырмашылығымыз – бағдарламаны өзіміз жасайтынымыз. Осы мақсатта компанияда 700 адам еңбек етеді. Олардың 260-ы  инженерлер. Ал басқалардың инженерлері жоқ, тек сату бөлімі ғана бар, 20-30 адаммен жұмысын жүргізеді. Соған қарамастан жаман аттың бәрі бізге келеді. Тіпті басқалардың проблемаларын да бізге таңады. Бірақ біз оған еш өкпелемедік",  дейді Әсет.

Сала маманының айтуынша, қазіргі болып жатқан соғыстар көбіне ІТ жүйеден пайда бола алады. Сондықтан ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін шетелдік немесе бағдарламасы өзге елде жасалған қызмет көрсетуші компаниялармен келісімшарт жасауда олардың қызметі арзан болса да алданбаған абзал.

"Бірінші мақсат  әлеуметтік қауіпсіздік болса, екіншісі - ұлттық қауіпсіздік. Себебі камералар компьютермен, нейрон желісімен жұмыс істейді. Көліктердің бәрін таниды, қайда, кім, қашан кеткенін көре алады. Сондай жоғары технологиялармен істелген жүйелер 100 пайыз қауіпсіз болуы керек. Қытай мен Ресей өнімдері өз елі немесе экспорт үшін жасалған. Басқа елдің қауіпсіздігі үшін олар ешқашан өнім шығармайды. Ал "Сергек" тек өзімізге арналды. Сондықтан әділ бәсекелестік болса,  біз оңай жеңеміз. Бір өкініштісі, заңда "лазейкалар" бар. Мұндай саланы коммерциялық бағыттан шығару керек, өйткені коммерциялық болғандықтан кім арзан береді, сол жеңеді. Бірақ бұл принцип ұлттық қауіпсіздікке кереғар келеді. Ұлттық мүдде біздің табысқа кенелу туралы мақсатымыздан жоғары",  дейді тағы да сала маманы.

Елімізде асқан білімді азаматтар өз деңгейіне сай жұмыс таппай, Қазақстаннан кетіп, әлемнің әйгілі компанияларында жұмыс істеуге жиі бел буады. Ал Әсет пен Қайрат негізін қалаған компанияда сондай жастарға шетелдегідей жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Мұнда мамандар дүниежүзілік ІТ білімге лайықты жұмыс істейді және мұндағы тәжірибесімен кез келген уақытта Google сияқты беделді компанияларда жұмыс істеп кете алады. Өйткені бұл жерде ең соңғы технологиялармен жұмыс жүргізіледі.

"Шын мәнінде "Сергек" қаражат жағынан аса табысты жоба емес. Әрі қанша жақсылық жасасаң да жаманатты көп арқалайсың. Бізге тыныш қана ақша табуға болатын басқа жобаларды жүзеге асырып жүре беруге болар еді. Бірақ ұлттық қауіпсіздік пен мүдде жолында ешкімнен қайтарымын күтпей еңбек етеміз, осы істі жалғастырамыз. Ағам Қайрат екеуміз үшін Астанадағы Sergek – жай ғана қауіпсіздік жүйесі емес. Бұл – біздің алғашқы үлкен жауапкершілігіміз, қаламен серіктестікте жұмыс істеген бірінші тәжірибеміз. Біз кішігірім жобадан бастадық, бірақ көздегеніміз – қалаларды қауіпсіз әрі жайлы ету еді",  дейді Әсет.

Sergek өзінің тиімділігін дәлелдеді: Астанада жол-көлік апаттарынан болатын өлім-жітім 48%, қылмыс деңгейі 67% азайды. Бұл жай ғана сандар емес, бұл – сақталып қалған қаншама өмір. Қазір Сергек үшін жаңа кезең басталды. Компания өсіп, дамып, алға жылжып келеді. Бүгінде ол Абай, Түркістан, Атырау, Алматы, Қызылорда, Жетісу облыстарында және Ақтау, Тараз, Шымкент, Талдықорған қалалары мен Құлсары елді мекенінде жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар компания Алматы облысында ауқымды жобаны жүзеге асырып, халықаралық нарыққа қадам жасауда. Астанада жаңа жеткізушімен де келіссөздер жүргізілуде. Қандай шешім қабылданса да, "Сергек" ақылды қала технологияларын әзірлеуде Қазақстандағы көшбасшы болып қала береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу