"Сергектің" айыппұлдары Бас прокуратура базасына тіркеледі

ІІМ төленіп қойған айыппұлдардың неге қайтадан қалқып шығатынын түсіндірді.

"Сергектің" айыппұлдары Бас прокуратура базасына тіркеледі

Сот орындаушылар институтын дамыту мәселесін талқылаған Мәжіліс жиынында "Сергек" арқылы салынған айыппұлдардың мәселесі де сөз болды. Депутат Арман Қожахметов Бас Прокуратура базасында әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі бола тұра, төленіп қойған айыппұлдардың қайтадан қалқып шығып, азаматтарды әуреге салып жатқанын мәселе етіп көтерді.

"2017 жылы әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі (ӘІБТ) енгізілген болатын. Бұл жүйе өз еркімен төленіп қойған әкімшілік айыппұл қаулыларын сот орныднаушылардың атқаруына жіберуді болғызбауға тиіс болатын. Алайда әлі күнге дейін мүліктеріне жеке сот орындаушылардың тыйым салғанын, төленіп қойған айыппұлды қайта төлеуді талап еткенін, оның үстіне қызметі үшін  өз пайызын қосқанын кейін білген азаматтардан шағымдар түсіп жатыр. Мұндай жағдайлар көбінесе жол полициясы салған әкімшілік айыппұлдармен байланысты", – дейді депутат.

Бұл сауалға Ішкі істер министрлігі мен Бас Прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің өкілдері жауап берді.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қажаевтың айтуынша, аталмыш мәселе барлық жүйенің дерегін бір  базаға біріктіріп үлгермей жатқан кезде орын алған.

"Сіз айтып өткен мәселе көбінесе Алматы қаласында болған. Бұрынғы кезде фото және бейнетіркеу жүйелері автоматты түрде тіркеген айыппұлдар бір базада интеграцияға келтірілмегендіктен, осындай себептер орын алды. Осы жылдың аяғына дейін фото, бейне жүйелерді және ӘІБТ-ны ортақ процеске қосып, бұрын салынған айыппұлдардың қайта шығуын тоқтатамыз. Бұл мәселені жыл аяғына дейін шешіп тастаймыз", – деді ол.

Құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті төрағасының міндетін атқарушы да  мұндай шағымдар ӘІБТ базасымен біріктірілмеген жүйелерге қатысты болғанын айтты.

"Қазір барлық жүйелерді біріктіру жұмысын ІІМ-мен бірге аяқтадық. Алматы да бұл жұмысқа қосылды. 2020 жылдың басында бұл проблема жойылады. Енді ӘІБТ жүйесі бұрын төленген айыппұлдарды атқаруға жіберуге жол бермейді", – деді комиет өкілі.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу