"Сергектің" Қытайға қандай қатысы бар?

"Көркем Телеком" "Сергек" камералары түсірген ақпараттар Қытайға кетіп жатыр деген әңгімеге қатысты түсініктеме берді. 

"Сергектің" Қытайға қандай қатысы бар?

Әлеуметтік желіде "Сергек" жүйесіне түскен деректердің бәрі тікелей Қытайға жөнелтіледі екен" деген мағынадағы ақпараттар тарағаны белгілі. Inbusiness.kz "Көркем Телеком" компаниясынан "Сергек" жүйесінің Қытайға қандай қатысы бар екенін сұрап, сауал жолдаған болатын.

"Сергек" жүйесін жасап шығарған компания – "Көркем Телеком" ЖШС. Компания 2011 жылы құрылып, Қазақстан аумағында тіркелген. Қазақстан заңдарына сәйкес салық төлеп отыр. Қазір компанияның өңірлік бөлімшелерінде 200-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Кәсіпорынның негізін қалаған құрылтайшылар – Қазақстан азаматтары. Біздің мақсатымыз – технологиялық шешімдерді экспорттау арқылы елімізді танытатын қазақстандық IT-компания құру. Ол үшін талантты бағдарламашылармен бірге отандық мамандардың легін дайындап келеміз. Біздің жүйенің Қытаймен байланысы туралы ақпарат қисынға келмейді. Қазақстандық компания ретінде "IT-суверенитет" қағидатына бой ұсынамыз. Ел азаматтарының қауіпсіздігімен байланысты шешімдерге кез келген шетелдік нысандардың қатысуына қарсымыз", – делінген жауапта.

Ресми мәліметте "Сергек" камерларындағы ақпараттың Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бақылауында екені де айтылған.

"Қазір "Сергек" жүйесі Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен қалаларында сәтті жұмыс істеп тұр. Атырау қаласында іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Шымкент пен Түркістанда ілкі жоба ретінде қолға алынуда. "Сергек" кешендері сертификатталған бақылау-өлшеу құралдарынан құралған. Ал бағдарламалық жүйесі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Мемлекеттік техникалық қызметінің аттестациясынан өткен. Ондағы деректерге тек құзырлы мемлекеттік органдар Қазақстан заңдарында көрсетілген тәртіп бойынша ғана қол жеткізе алады", – делінген "Көркем Телеком" ЖШС баспасөз қызметі жолдаған жауапта.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу