Енді серігіңіздің адалдығын тез тексере аласыз

8702

Есеп электрондық цифрлық қолтаңба арқылы немесе өзге де тәсілмен рәсімделеді.

Енді серігіңіздің адалдығын тез тексере аласыз Фото: canva.com

Қазақстанда өнім жеткізушінің, серіктес компаниялардың іскерлік беделін тексеруге мүмкіндік беретін сервис іске қосылды.

Қазіргі заманда алаяқтық, рейдерлік шабуылдар және басқа сын-қатерлер белең алғандықтан, кәсіпкерлер мәмілелер және операциялар жасау кезінде тиісті сақтық танытуы керек. Бұл үшін серіктестің кім екенін, іскерлік бедел-репутациясының кіршіксіз таза болуын тексерген жөн.

Әйтпесе, Салық кодексі жыл сайын реформаланып, үнемі өзгере береді. Оның үстіне бюджет тапшылығы күрт өскен шақта мемкірістер органдарының кейбір қызметкері құзырын асыра пайдаланып, салықты молырақ жинау үшін заңнаманы ойына келгенше, өз білгенінше қолданатыны жасырын емес. Мұндай жағдайда серіктес алдап соқса, жарға жықса, содан келген мемлекеттің шығыны, салығы және басқасы адал бизнесменнен өндіріліп алуы мүмкін.

Кәсіпкер, ай-ти маманы Александр Мурниковтың айтуынша, бүгінде Учет.kz, Adata.kz, kompra.kz, Statsnet, "Контур Фокус" және басқа толып жатқан, мамандандырылған агрегаторлар мен аналитикалық ресурстар контрагенттерді тексеріп береді.

"Бірақ бұлардың кемшін тұсы, олқылығы жетерлік. Ең алдымен, олардың қызметтерінің көбі ақылы екенін ескерген жөн, жазылып, тұрақты ақы төлеп тұру талап етіледі. Екіншіден, олар белгілі бір мемлекеттік дерекқорды ғана пайдаланады. Ал меморгандардың ақпараттық жүйелеріндегі ақпараттар бір-біріне қайшы келеді. Мұны мысалы, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасының қаражатын бөлу кезінде туындаған сәйкессіздіктер тағы паш етті. Агрегаторлар ресми деректер базаларын өзара салыстырып, өзекті, дәл мәліметті табуға бас қатыра бермейді", – деді сарапшы.

Үшіншіден, оның айтуынша, көптеген агрегатор контрагентті тексеру кезінде оның "тарихи байланыстарына" терең үңіліп, бұған дейін қанша компанияны өзгеге "жұтқызғанын", дәрменсіз жағдайға жеткізіп, банкрот қылып тынғанын анықтамайды. Директорлар мен құрылтайшылардың біразы сұр импорттық-экспорттық схемаларға қатысады. Ұзын тізбектерді қолдана отырып, өзі құрған, басқарған компанияларын қайта құрылымдайды, оффшорға шығарады. Бұлар да – аса маңызды жайт.  

Серіктес болудан дәмелі фирманың немесе тұлғаның бұған дейін телефон нөмірлері, электронды пошта адрестері, тіркелген мекенжайы сияқты реквизиттерін қаншалықты жиі өзгерте бергені де талданбайды. Соның кесірінен, осы жүйелер көмегімен сенімсіз контрагенттің әшкереленбеу, оған дұрыс баға берілмеу қаупі жоғары.

Мұның бәрі адал емес ұйымдармен өзара қаржылық-шаруашылық қызмет жүргізуден келетін теріс салдарларға соқтыруы ғажап емес.

Мурников мұндай агрегаторларда жасанды интеллект мүмкіндіктерін кең қолданудың қажеттігіне де назар аудартты. Мәселен, ресми дерекқорлардың мәліметтерін көшіре салатын агрегаторлар контрагенттің қандай мемлекеттік сатып алуларға, тендерлерге қатысып, жеңіп алғаны туралы ақылы ақпаратты ұсынады. Бірақ конкурс барысында оның қандай баға ұсынғаны, демпинг жасау әрекеттеріне қатыстылығы және басқа деректер жасырын қалады. Егжей-тегжейлі талдау үшін Big data-мен жұмыс істеу керек, бұл жасанды зерденің қолынан келеді.

Сарапшылардың ұсыныстары, сын-ескертпелері жаңа сервисте ескерілсе жөн. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл елімізде биылғы жыл соңына дейін пилоттық режимде арнайы жүйе сыналатынын хабарлады. Сол арқылы енді салық төлемейтін кәсіпкерлердің, бір күндік фирмалардың мәмілелерге, контрактілерге қол жеткізуі қиындатылуға тиіс.

Бизнес-омбудсменнің хабарлауынша, енді жеткізушілер туралы барлық салық ақпаратын бір жүйеден лезде білуге болады. Осы мақсатта екі жыл бұрын "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы әзірлеген бизнес-серіктестердің арнайы тізілімі пайдаланылады.

Президенттің тапсырмасымен жасалған бұл жүйені бүгінде 5 мыңнан астам кәсіпкер қолданады. Сервис 25 мыңнан астам сұрауды өңдеді. Онда компаниялар, кәсіпорындар және жеке кәсіпкерлер туралы өзекті ақпарат жинақталған екен. Сонымен қатар, жүйе жеткізушінің сенімділігін тексеруге мүмкіндік береді. Осы арқылы адал бизнеске қажетсіз салық тексерістерінің, қаржылық шығындардың және кәсіпкерлік тәуекелдердің алдын алуға көмектеседі.

"Бұл модель салық төлеушілердің деректеріне негізделген. Салық төлеушінің адалдығы индексі скорингтік балдан құралады және жасыл, қызыл болып, екі аймаққа бөлінеді. Жасыл түс – әлеуетті контрагентіңіз адал кәсіпкер дегенді білдіреді. Егер ықтимал контрагентіңіз қызыл аймақта тұрса, бұл оның Салық кодексінің талаптарын бұзушы болуы мүмкін екенін көрсетеді", – деп түсіндірді "Бизнес-серіктестер тізілімі" ақпараттық жүйесі жобасының жетекшісі Ерлан Сексембаев.

Сайтта смартфон арқылы тіркелуге болады. Содан кейін пайдаланушы өзінің жеке басын электрондық цифрлық қолтаңбасымен растауы шарт. Ары қарай өзін қызықтыратын әлеуетті жеткізушінің деректерін енгізуі қажет. Бүкіл өңдеу процесі бірнеше минутты алады.

Бұл сервис те қордаланған мәселелерді тегіс шешпейді, бірақ адал кәсіпкерлерге арамза серіктестермен істес болып, арандап қалмауына, салықтық санкциялардан, қылмыстық істерден, жазалардан қорғануына қосымша мүмкіндік ұсынады.

Құрылғанына біраз болғанымен, сервистің жыл соңына дейін пилоттық режимде, яғни сынақ түрінде жұмыс істеуінің себебі анықталды. Бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсіновтың түсіндіруінше, кәсіпкерлердің, компаниялардың бәрі бірдей өзі туралы толымды ақпаратты жұртшылыққа ашық жариялағысы келмейді.

"Сервисте сатып алулар туралы мәліметтер бар. Әр компания мен бизнесменнің тендерлер бойынша портфелі қандай екенін біле аласыз. Портфелі жұтаң болса, ол қалай салмақты контрагент болады? Әрине, бұл отандық бизнестен ашықтықты, транспаренттілікті талап етеді. Мен бизнесмендердің қаупін сейілткім келеді. Бұл үшін жобаны пилоттық негізде сынап көреміз", – деді Жүрсінов.

Бизнес-омбудсмен тағы бір жаңалықты қаперге салды: биылғы жылы Қазақстанда "тиісті салықтық сақтық" бойынша пилоттық жоба да бастау алмақ. Әзірге ол талқылау сатысында тұрған көрінеді. Жобаға қатысу – ерікті болады.

Р.Жүрсіновтың байламынша, бұл жосықсыз компанияларды әшкерелеп, көлеңкеден шығаруға ықпал етеді. Мұның үлгісі көрші мемлекеттердің тәжірибесінен алыныпты: Ресейде тиісті салықтық сақтық қағидатына көшкенге дейін шамамен 1,2 миллиондай бір күндік жалған фирмалар болған. Осы қағидатқа көшкеннен кейін олардың саны 6 еседен астам қысқарыпты.

Бұған қоса, ел Үкіметі Салық кодексіне "Тиісті салықтық сақтық" аталған жаңа 73-1-бапты қосатын заң жобасын әзірледі. Егер ол қабылданып жатса, онда салық төлеушілерден "өздерінің салықтық міндеттемелерін тиісінше орындауы үшін мәмілелер, операциялар жасау кезінде тиісті салықтық сақтық танытуы" талап етілетін болады.

Сақтық танытқан-танытпағанын мемлекет қалай біледі? Оның іс-қимыл алгоритмі келесідей:

·      Мәміле бекітілмес бұрын тараптар "тиісті салықтық сақтық" танытқанын дәлелдеп, тиісті есепті толтырады.

·      Содан соң есепті жалпыға қолжетімді болатын, әрі кәсіпкерлік субъектілері туралы кешенді ақпарат алуға мүмкіндік беретін арнайы ақпараттық жүйеге тіркейді.

Салық төлеушінің немесе салық агентінің "тиісті сақтықты" сақтау фактісін растайтын аталған есеп өнім берушімен мәміле, операция жасалғанға дейін кемінде 10 жұмыс күні бұрын қалыптастырылуға тиіс.

Есеп электрондық цифрлық қолтаңба арқылы немесе өзге де тәсілмен рәсімделеді.

Заңнама және құқықтық ақпарат институты өз талдауында жалған фирмалардың алаяқтығы оның серіктестеріне үлкен зиян келтіретінін атап өтті. Шындап келгенде, жалған кәсіпорынның бюджетке келтірген шығындарын оның контрагенттері өтеуге мәжбүрленеді.

Адал кәсіпкерлерге серіктесінің қарау ниетті екенін білмегенін сотта дәлелдеуі қиын. Осы орайда "тиісті салықтық сақтық" институты көмекке келуге тиіс.  

"Бұл жағдайда контрагенттің негізсіз салықтық пайда көргенін дәлелдеудің ауыртпалығы салық органдарының иығына артылады. Салық төлеуші болса, контрагентті таңдау кезінде тиісті дәрежеде сақтық танытқанын сотта дәлелдей алады. Мысалы, мәмілені бекітпес бұрын әлеуетті серіктесінің құжаттарын тексергенін, соның негізінде оның "адалдығына" сеніп қалғанын паш етеді", – делінген институт талдауында.

Ал мәміледен бұрын жасаған есебі соның айғақ-дәлелі бола алады. Бірақ бұл заңнамалық түзетулер әзірге өмірге жолдама алған жоқ. Сондықтан жоба да әзірге сынақ, пилот түрінде және міндетті емес, ерікті сипатта жүреді.  

Соңғы екі жылда мемкірістер органдарының қызметкерлері бизнесмендердің өзара мәмілелерін заңсыз деп тану үшін соттарға 6 мыңнан астам талап-арызбен жүгінгені мәлім болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу