Серік Әбденов "Қазақстан темір жолына" қалай қабылданғанын айтты

3097

Журналистер ұлттық компания өкілінің жеке басына қатысты сұрақ қойды. 

Серік Әбденов "Қазақстан темір жолына" қалай қабылданғанын айтты

"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасының корпоративтік мәселелер және HR жөніндегі орынбасары Серік Әбденов журналистермен жүздесіп, ұлттық компанияға қызметке қабылдау кезінде парақорлыққа жол бермеу үшін қандай тәсілдер мен амалдар қолданылып жатқанын жариялады.

Бірден айтайық, спикердің ұзын-сонар сөзі тілшілердің тағатын тауысты. Обалы не керек, журналистер Серік Әбденовтің сөзін соңына дейін тыңдап, кезек келгенде сұрақ қойды. Бірақ нақты жауап ала алмады.

Айта кетейік, журналистерге алдын-ала жолданған аңдатпада "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының өңірлердегі басшылары әлдекімдерді жұмысқа орналастырғаны үшін пара алғаны жазылған еді. Серік Әбденов мәселенің мән-жайын түсіндіріп берер деген болжам болған. Неге екені белгісіз, басқарма төрағасының орынбасары бұған қатысты бірде-бір дерек не дәйек келтірген жоқ. Есесіне ол "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясына қызметке қабылдау адамдардың араласуынсыз атқарылатынын айтып, кадр іріктеудің жаңа жобасын таныстырды.

Оның айтуынша, ұлттық компанияға жұмысқа орналасқысы келген адам компанияның ресми ресурсына кіріп өтінім қалдырады. Жұмысқа орналасудың барлық кезеңі, оның ішінде сайтқа тіркелгеннен қорытынды сұхбатқа дейінгі барлық әрекет бас кеңседен бақыланады. Бұл бастама өңірдегі басшылардың адамдарды тамыр-таныстықпен немесе парамен қызметке қабылдауына тосқауыл болады.

Мұндай мәлімдеме журналистердің көңілін көншіткен жоқ. Олар ұлттық компанияның қай өңірдегі басшылары пара алып, қанша адамды жұмысқа орналастырғанын, оларға қандай шара қолданылғанын білгісі келді. Ақырында тілшілер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғаудың экс-министрі Серік Әбденовтен "өзіңіз "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясына қалай қабылдандыңыз" деп сұрады. Басқасын қайдам, басқарма төрағасының орынбасары бұл сұрақты жауапсыз қалдыра алмады.

"Директорлар кеңесінің қасында тағайындау комитеті бар. Сол тағайындау комитетінде интервью, бағалау, іріктеу процестерінен өтеді. Менде сол процестерден өттім. Жалпы талаптарды алатын болсақ: жоғарғы білім. Мен өз білімімді айтатын болсам, заңгер, екінші білімім экономист. Ресейде МВА-ны бітірдім. Қазіргі лауазымыма сәйкес, тиісті сұрақтар бойынша тәжірибем бар. Мен "Қазмұнайгазда" бес жыл кадр сұрақтарын басқарған болатынмын. Сонымен қатар "Қазмұнайгазда" бір мекемеде бас директор болып істедім. Ол мекемеде трансформациялау мәселесін жүргіздім. Жалпы, қажетті талаптарға сай болдым.  Комиссияның іріктеу процестерінен өтіп, осы лауазымға тағайындалдым", – деді Серік Әбденов.

Ескерту, Серік Әбденовтың жауабы қағазға сөзбе-сөз, қаз-қалпында түсірілді. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу