Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланды

Ол Талдықорғандағы сот отырысына келмеді. 

Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланды Фото: globalnews.kz

Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Прокурордың өтінішхаты негізінде сотталушының басқа елдерге одан әрі кетуіне жол бермеу және оның тұрған жерін анықтау мақсатында судья сотталушы С.Күдебаевқа халықаралық іздеу жариялады, – деді сот.

Бүгінгі таңда Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 324-бабына сәйкес, іздеу жариялануына байланысты іс тоқтатылды.

Бұған дейін БАҚ Күдебаевтың шетелге қашып кеткенін хабарлаған болатын.  

Болжам бойынша, ол Қырғызстанмен шекараны кесіп өтіп, ол жерден Өзбекстанға өтіп, одан кейін Солтүстік Кипрге немесе Түркияға ұшып кетуі мүмкін. 

Еске салайық, наурыз айының басында Серік Күдебаев ауруханаға түсіп, соңғы сөзін айту үшін сотқа келмеді. Кейін бұл процесс бірнеше рет кейінге шегерілді.  

Айта кетейік, прокурорлар оған "өкілеттілігін асыра пайдаланды" деген айыппен 9 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.
 
Өткен жылдың сәуір айының соңында Серік Күдебаев өз өтінішімен Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы қызметінен босатылған болатын. 

2022 жылдың 13 мамырында Серік Күдебаев қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылғаны белгілі болды.

Биылғы жылдың қаңтар айының басында Күдебаевқа қатысты сот отырысы өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу