Қазақстандық ауыр салмақтағы боксшы Серік Мұсәділов Флоридада өзінің кәсіби мансабындағы сегізінші жеңісіне жетті. Сонымен ол барлық сегіз жеңісін де мерзімінен бұрын аяқтады. Қазақстандық "Панда" (кәсіпқой рингтегі Мұсәділовтің лақап аты) жұмадан сенбіге қараған түні биыл үшінші рет рингке шықты. 2020-жылдың тамызында ол өзінің Америка Құрама штаттарындағы алғашқы кездесуін Калифорнияда 36 жастағы америкалық Квинтелл Томпсонға қарсы өткізіп, жекпе-жекті жеңіспен аяқтаған болатын. Томпсон алғашқы раунда-ақ сұлап түскен еді.
Ал қыркүйек айының соңында "Панда" "Атлантика" ABF чемпионы (Америка бокс федерациясы) атағы үшін Майамиде жергілікті боксшы Кент Холландқа қарсы рингке шығып, кезекті жеңісіне қол жеткізді. Павлодар қаласының тумасы алты раундқа есептелген жекпе-жектің алғашқы екі кезеңінде Холландты айқын басымдылықпен жеңгені соншалық, жекпе-жек басталғаннан төреші алты минуттан кейін кездесуді тоқтатуға шешім қабылдады. Жеңіспен қоса қазақстандық өзінің жеке рекордын жаңартты.
Бұл жолы Мұсаділов Хайалиадағы (АҚШ, Флорида) бокс кешінде өнер көрсетті. Оның қарсыласы 29 жасар тәжірибелі мексикалық Даниэль Нахер болды. Ол бұған дейін 15 кездесу өткізіп, оның тоғызында жеңіске жетіп, төртеуін мерзімінен бұрын аяқтаған. Бес жекпе-жекте жеңіліп, біреуі тең нәтижемен аяқталған. Ал осы жолғы алты раундқа есептелген кездесуде Мұсәділов Нахерді нокаутқа жіберу үшін бар болғаны 43 секунд қажет болды. Осылайша қазақстандық өзінің жылдам нокауттар сериясындағы жеңісінде жаңа рекорд орнатты. Ол сегіз кездесу өткізіп, сегізінде де жеңіске жеткен және барлығын нокаутпен аяқтаған. Енді Мұсаділовті Сауль Канело Альварес сияқты ауыр салмақтағы мықты қарсыластар күтіп тұр.
26 жасар Мұсаділовтің келесі жекпе-жегі 29-қаңтарға жоспарланып отыр. Бірақ, оның командасы Серіктің қарсыласы кім екенін әлі ресми жариялаған жоқ.
Ермұхамед Мәулен