Серік Сәпиев ТМД-ға мүше мемлекеттердің дене шынықтыру және спорт кеңесінің төрағасы болып тағайындалды

3271

Ол спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. 

Серік Сәпиев ТМД-ға мүше мемлекеттердің  дене шынықтыру және спорт кеңесінің төрағасы болып тағайындалды Фото: olympic.kz

5-6 маусым күндері Ақмола облысының Щучинск қаласында ТМД-ға мүше мемлекеттердің дене шынықтыру спорт саласындағы ынтымақтастық туралы келісімінің Дене шынықтыру және спорт жөніндегі кеңесінің отырысы өтті. Бұл туралы ҚР МСМ спорт және дене  шынықтыру істері жөніндегі комитеттің баспасөз қызметі мәлімдеді.

ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов ТМД Кеңесінің барлық мүшесін құттықтап, жемісті еңбек тіледі.

"Мәдениет және спорт министрлігі атынан  ТМД Кеңесі мүшелерін құттықтап, жемісті еңбек тілеймін.  Біздің талқылануға тиіс және шешуді талап ететін ортақ мәселелеріміз бар. Спорттық ынтымақтастығымыз ұзақ әрі берік болатындығына сенемін", – деді вице-министр.

Кеңестің барлық мүшесі бірауыздан Серік Сәпиевті 2019-2020 жылдарға ТМД-ға мүше мемлекеттердің дене  шынықтыру және спорт жөніндегі Кеңесінің төрағасы етіп сайлау жөнінде шешім қабылдады. Серік Сәпиев өзінің кандидатурасына білдірілген  зор сенімге алғысын білдіріп, мемлекеттің жүргізіп отырған дене шынықтыру мен спортты дамытудағы саясаты жайлы әңгімелеп берді. 

"Қазақстанның спорт және дене шынықтыру саласындағы мемлекеттік саясатының ерекшелігі бұқаралық спорт пен жоғары нәтижелерді мақсат ететін спортты дамытуда теңгерімді тәсілдемені жүзеге асыру болып табылады. Бұқаралық спорт саласында еліміз тұрғындарын  дене шынықтыру және спортпен жүйелі шұғылдануға көптеп тартуға бағдарланған.  Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің міндеттерін іске асыру аясында 2018 жылдың қорытындысы бойынша тұрғындарды дене шынықтыру және спортпен шұғылдандыру 29,8%-ды құрайды", – деді Серік Сәпиев.

"2019 жылдың I тоқсанында республика бойынша 11 мыңнан астам спорттық-бұқаралық шара өтті. Оған 1,1 млн-нан астам адам қатысқан. Халықтың ең көп спортпен айналысатын бөлігі жалпы білім беретін мектеп оқушылары. Дене шынықтыру және спортпен оқушылардың 1 млн 834 мыңы қамтылған", – деді Серік  Сәпиев.

Министрлік Алматы облысындағы олимпиадалық дайындықтың республикалық базасы мен Нұр-Сұлтан қаласында олимпиадалық дайындау орталығын салуды жалғастырып жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын орындау мақсатында бүгінгі күні өте мұқтаж елдімекендерде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Құрылыс 2022 жылы аяқталады.

Отырыс барысында ТМД-ның дене шынықтыру және спорт саласының өкілетті органдар басшылары баяндама жасап, өз елдеріндегі спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы сөз етті.

Кеңес мүшелері мемлекеттік саясаттың Қазақстанда және ТМД елдеріндегі дене шынықтыру мен спорт саласында іске асуын, Қазақстанның спорт саласына цифрлық технологияларды енгізу жайын талқылады. Сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің 2021-2023 жылдарға арналған дене шынықтыру және спортты дамыту стратегиясы қаралды. Кездесу қорытындысы бойынша ТМД елдерінің дене шынықтыру және спорт кеңесінің шешімі хаттамасына қол қойылды.

Еске салар болсақ, дене шынықтыру және спорт кеңесі жыл сайын ТМД елдерінде өтеді. Былтыр шара Арменияда өткен, келесі жылы ТМД елдерінің алғашқы ойындары шеңберінде Татарстан астанасында өтеді деп жоспарланып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу