Серік Жұманғарин: Біз азық-түлік бағасын түсірумен айналыспаймыз

3128

Алдағы күнге болжам айтып, "құдайды күлдіргісі келмейтін" Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин журналистерге азық-түлік бағасының қымбаттауы туралы пікір білдірді. 

Серік Жұманғарин: Біз азық-түлік бағасын түсірумен айналыспаймыз

Түсінікті болуы үшін, материалды сұхбат түрінде ұсынып отырмыз, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Журналистер: – Ресми тұлғалар азық-түлік бағасын төмендеттік дегенді жиі айтады. Бірақ күннен-күнге қымбаттап жатқанын көреміз. Неге?

Серік Жұманғарин: – Коронавирус бітпей, бағаның өсуін тоқтата алмаймыз. Бұл – ешкімге құпия емес. Себебі негізі біздің негізгі логистикалық байланыстарымыз үзіліп кетті. Сондықтан әрине, қазір әрбір ұлт өз протекционизмін жасап жатыр. Қазір олар өз мемлекеттерін азық-түлікпен қамтуды көздейді. Бай мемлекеттер бағаға қарамайды. Оларға бастысы – тауар бар болса, жоғалып кетпесе болды.

Журналистер: – Шетелден келетін тауарлардың қымбаттауы түсінікті болды дейік. Ал отандық өнімдер неге қымбаттап жатыр? 

Серік Жұманғарин: – Отандық өнім қымбаттауына негіз бар. Қазір теміржол тасымалы, бензин, электр қуатының бағасы, шикізат қымбаттады. Екінші жағынан кәсіпкерлердің өзара сөз байласуын да анықтап жатырмыз. Ол жалпы айтқанда, адамның сараңдығы. Көбі қосымша пайда көргісі келеді.

Заңсыз әрекет еткендермен күрес жүргізіліп жатыр. Жақында жұмыртқа өндірушілерге және жанар-жағармай сатушыларға қатысты іс ашылған. Жанар-жағармай саласында 12 іс қозғалған. Одан бөлек заңбұзушылыққа қатысты хабарламалар саны жүзден асып кеткен. Хабарлама – кәсіпкерге ескерту. Екінші рет қайталанса, жазаға тартылған бизнес өкілдері едәуір шығынға ұшырайды.

Журналистер: – Мүмкін оларға салынған айыппұлды төлей салып, ары қарай заңсыз әрекет етуді жалғастыру тиімді шығар?

Серік Жұманғарин: – Жоқ, оларға тиімді емес. Өйткені заңсыз жолмен тапқан барлық пайдасын қайтаруы керек болады.

Журналистер: – Алдағы уақытта азық-түлік бағасы түсе ме?

Серік Жұманғарин: – "Құдайды күлдіргің келсе, ертеңгі жоспарыңды айт" деген сыңайдағы мақал бар ғой. Болжам жасай алмаймын. Бәрі пандемияға байланысты. Қазір жағдай жақсарып жатыр. Бүкіл әлемде! Сол себепті, әлбетте, біз келесі жылға оптимизммен қараймыз. Бірақ бағаның өсуіне әсер ететін факторлар әлі де көп.

Журналистер: – Сіздер бағаны түсіретіндеріңізді айтып жатқан жоқсыздар ма?

Серік Жұманғарин:  Мен бағаны түсіреміз деп айтқан жоқпын. Біз бағаны түсірумен айналыспаймыз. Бағаны тұрақтандыруға жұмыс істейміз. Оның өсуіне негіз бар ма, жоқ па – міне, агенттік  осы мәселеге назар аударады. 

Жасын Қалибек​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу