Серік Жұманғарин бизнестің жаппай жабылу себебін түсіндірді

1803

Вице-премьер бұған салық реформасының ғана әсері бар деген пікірмен келіспеді. 

Серік Жұманғарин бизнестің жаппай жабылу себебін түсіндірді Фото: Үкімет

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Парламенттің бірлескен отырысынан кейінгі кулуарда бизнестің жаппай жабылу себебін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазір көптеген бизнестің жабылуына B2B секторына қатысты салық реформасының қатаң талаптары себеп. Ал B2C секторына бұл өзгерістер айтарлықтай әсер еткен жоқ. Мейрамхана, қоғамдық тамақтану орындары мен үй жанындағы дүкен иелері жаңа өзгерістерге қуанып отыр. Өйткені олар үшін лимиттер артып, салық органдарымен қарым-қатынасы жақсара түсті. Шамамен 300 мың кәсіпорын B2B секторында жұмыс істеді. Соның 71 пайызы нөлдік декларация тапсырған, яғни табысын мүлде көрсетпеген. Тағы 164 мың кәсіпорынның тек бір ғана клиенті болған. Сондықтан мұндай кәсіпорындардың жабылып, қиындыққа тап болуы – заңды құбылыс. Бұл – салық және бюджет реформасының нәтижесі", – деді вице-премьер.

Серік Жұманғарин қалған кәсіпорындар бизнес бастағанда белгілі бір тәуекелдерді ескермеуі мүмкін деп отыр.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, тұтынушылық несиелеу көлемінің азаюы да қызмет көрсету саласымен жұмыс істейтін шағын және орта бизнеске әсер етіп отыр.

"Тұтынушылық несиелеу қарқынының баяулауы да компанияларға әсер етеді. Өйткені сатылым тоқтайды. Себебі негізгі сатып алушы – халық, олар негізінен несие есебінен сатып алып отырды. Сондықтан мұндай өзгерістердің салдарын жан-жақты бағалау қажет",  – деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу