СЭС тағы да сес көрсетіп жүрмей ме?

1289

Азық-түліктің сапасын тексеру үшін СЭС мамандары енді "бақылаулық сатып алу" жүргізе алады.

СЭС тағы да сес көрсетіп жүрмей ме? Фото: canva.com

Елімізде "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң өмірге жолдама алды. Мемлекет басшысы өткен аптада, 6 сәуірде қол қойған бұл заң жалпылай күшіне енгенімен, оның жекелеген нормалары 2025 жылғы 31 желтоқсаннан кейін ғана іске қосылмақ.  

Бұл құжаттың елді елең еткізерлік ірі жаңалығы бар. Оған сәйкес, бұдан былай елімізде "техникалық регламенттердің талаптарына, Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарына сәйкес келмейтін өнімді, тауарды алып қою (изъятие) және кері қайтару (отзыв) жүзеге асырылады".

Соңғысы – Қазақстан үшін жаңа тетік. Дамыған елдерде ол кең танымал. Мысалы, Toyota компаниясы былтырғы желтоқсаннан бері Америка Құрама Штаттарында 2020-2022 жылдары шығарылған және түрлі кемшілігі анықталған Toyota мен Lexus бірнеше моделін – миллион автомобильді кері шақыртып алып жатыр.

Бір күн бұрын Kia да рөлдік басқаруды жоғалту қаупіне бола, 2023 жылы шығарылған су жаңа Kia Forte моделдерін кері қайтару ауқымын кеңейтетінін жариялады. "Мерседес" бір ай бұрын педалі сынып, моторы сөніп қала берген Mercedes-Benz GLE мен GLS кроссоверлерін зауытқа оралтуға кірісті.

Бұдан бөлек, өткен аптада америкалық Procter&Gamble Co. (P&G) адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін Tide, Gain және басқа маркадағы сұйық кір жуу капсулаларының 8,2 миллион бірлігін кері қайтару рәсімін бастағаны анықталды.

Алда құзырлы органдар заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерін тегіс қабылдаған соң, өркениетті елдің осы тетігі Қазақстанда да қолданысқа енгізілмек.

"Жаңа заң бойынша қауіпті немесе талапқа сәйкес келмейтін өнімдердің саудаға түсуіне жедел ден қоюдың шаралары – тауарды алып қою мен кері қайтару енгізіліп отыр. Атап өтетін жайт, ақаулы, қауіпті тауарды мемлекеттің тәркілеп, алып қою механизмі ондаған жылдардан бері бар. Бұл бұрынғы жылдардың тәжірибесінен алынып отырған тетік. Кері қайтару-отзыв болса, жаңа тетік: ол бизнестің өзіне жүктеледі: өнімі, тауары талапқа сай болмаса, компания өз қаражатын шығындап, көтерме және басқа өткізушілері арқылы кінаратты затын нарықтан кері шақыртып алуға тиіс", – деп түсіндірді Сенат депутаты Шәкәрім Бұқтұғұтов.

Оның айтуынша, тұтастай алғанда, мемлекет те, бизнес те халық денсаулығын, ұлттық қауіпсіздікті қорғау үшін бұл рәсімнің керектігін, маңыздылығын түсініп отыр.

Депутат бизнес қоғамдастық мұның кәсіпкерлер үшін теріс салдарлары болуы мүмкін деп қауіптенетінін де қосты. Бизнес өкілдері бұдан бұрын Үкіметке және Парламентке өз алаңдаушылығын білдіріп, хаттар жазды.

Бақылаушы, қадағалушы органдардың жекелеген өкілдері күн сайын кеміген бюджетті толтыру туралы жоғарыдан түскен тапсырманы орындауда асыра сілтеуі, немесе қалтасын қампайтудың қамын жасауы ғажап емес. Осындайда "кері қайтару" – бизнес субъектісін, инвесторды қорқытудың, қоқан-лоққы жасаудың құралына айналып кетпей ме?

Бұдан бөлек, кері қайтару тетігі барлық тауарға, соның ішінде азық-түлікке қолданыла алады. Көліктерін ірі автосалондар арқылы өткізетін автоконцерндер үшін бұл талапты орындау салыстырмалы түрде жеңілдеу болар.

"Өзге өнімдерді өткізудің каналдары көп сатылы болып келеді. Жолай қаптаған "оптовиктер", делдалдар, базарлар, сауда орындары бар. Олардың бәрін жағалап, аралап, өнімді кері қайтарумен айналысу бизнестің көп уақытын алып қояды, қаржылық шығыны артады. Немесе мұны іс жүзінде орындау мүмкін болмайды. Сондықтан жаңашылдық отандық кәсіпкерлердің жағдайын нашарлатпай ма, тәжірибеде соны да қараған жөн", – деді сенатор.

Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Айжан Есмағамбетова қазақстандық нарықтың халықтың өмірі мен денсаулығына қауіпті өнімдерге толып бара жатқанын еске салды. Оның көбісі Қытайдан келетіні жасырын емес.

Зиянды заттарға тосқауыл қою үшін 2015 жылдан бастап тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне мониторинг енгізілді.

"Талапқа сай келмейтін тауарларды саудадан алып қою рәсімін жүзеге асыруға бюджеттен қаражат бөлінген емес, алдағы жылдардың бюджетінде де оған ақша қарастырылмаған. Сондықтан оны жасау күрделі. Тек кейін лабораториялық зерттеуден өткізу үшін өнімді сатып алуымызға ғана шамалы бюджет қаржысы беріледі. Мына жаңа заңда 2015 жылы енгізілген "өнімдердің қауіпсіздігіне мониторинг" баршаға түсінікті "бақылау мақсатында сатып алуға" (контрольный закуп) ауыстырылды", – деді Айжан Серікбайқызы.

Президент қол қойған заңның 38-бабында СЭС қызметкерлері, "халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар" халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында бақылау мақсатында сатып алуды жүзеге асыруға құқылы екені жазылған.

"Сөйтіп, бақылаулық сатып алу – бақылаудың жеке формасы түрінде енгізілуде. Біздің ойымызша, бизнес үшін бұдан ешқандай теріс салдар болмайды. Барлық талапқа сай келетін өнім шығарсын, сонда оған шағым болмайды. Қолданыстағы тәжірибе бойынша да денсаулыққа қауіпті өнім әшкереленгенде, кәсіпкерге ол өнімін кері қайтарып алу туралы ұйғарым беріледі, оны алып қою шаралары қолданылады. Бұл бізге бақылаулық іс-шаралардың аяқталуын күтіп отырмай, зиянды өнімді алып қоюға немесе кері қайтартқызуға мүмкіндік береді", – деді Денсаулық сақтау вице-министрі.

Ол Парламент қабырғасында, түрлі кездесулерде "қауіпті өнім" терминінің айналасында көптеген пікірталас жүргенін жеткізді. Бұл термин Денсаулық кодексінде, "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы", "Химиялық өнімдердің қауіпсіздігі туралы", "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңдарында, сондай-ақ Еуразиялық одақтың ұлтүстілік заңнамасында – техникалық регламенттерде бұрыннан қарастырылған екен.

Жаңа заң уәкілетті органға өнім мен тауарды алып қою және кері қайтару тәртібін, критерийлерін әзірлеуге құзыр береді. Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығы оларды дайындау кезінде тиісті екі заңдық актінің жобасы бойынша "Атамекен" ұлттық палатасымен және Ұлттық экономика министрлігімен ақылдасып, олардың келісімдерін алатындарын хабарлады.

Айжан Есмағамбетова СЭС мамандарының шектен шығып, еркінсуіне, өзімбілемдікке салынуына заң жол бермейтінін қаперге салды. Яғни, денсаулыққа қауіпті өнім анықталғанның өзінде бірінші кезеңде ешқандай әкімшілік жаза қолданбайды. Кәсіпкерге тауарын кері қайтару жолымен әшкереленген бұзушылықты өз еркімен жоюына мүмкіндік беріледі.

Егер кәсіпкер ұйғарым актісін орындамаса ғана әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынады және тауарын кері шақыртып алуына мәжбүр етіледі.

Яғни, бұған дейінгі тәжірибеде кәсіпкерлер қауіпті деп танылған өнімдерін, мысалы көлігін ерікті түрде, өз бетінше кері қайтара алатын. Оның өзінде "нысаналы-нүктелі" түрде, айталық, бір сауда орнынан немесе бірнеше бірлік өнімін ғана кері қайтаратын. Бұған тұтынушының 14 күн ішінде ақауын тауып, кері алып келген тауарын қабылдау да жатады.  

Жаңа заң аясында құзырлы органға кәсіпкерді кері қайтаруға мәжбүрлеу құқығы беріледі. Бұдан былай кәсіпкерге айыппұл салынады. Сондай-ақ технологиялық, микробиологиялық (ауру тудыратын патогенді агенттер анықталса), токсикологиялық, радиологиялық, басқа талаптарға сәйкес келмейтін өнімін ішінара емес, дамыған елдердегілей жаппай кері қайтаруға тура келуі мүмкін.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов мұны әділетті санайды. Оның айтуынша, қандай да бір өнімнің талапқа сәйкес келмейтіні әшкереленсе, оған екі себеп болуы мүмкін. Не өндіріс технологиясы бұзылған, немесе сол өнімді сақтау, тасымалдау шарттары бұзылған.

"Егер өндіріс технологиясы бұзылса, өндіруші сәйкестік сертификаты немесе сәйкестік туралы декларациясы аясында өз мойнына алған міндеттемелерін, техрегламенттерді бұзды деген сөз. Егер сақтау, тасымалдау талаптары бұзылса, бұл сол өнімді өткізушінің кінәсі. Яғни, айналып келгенде, бәрібір не өндіруші, немесе сауда объектісі айыпты. Олай болса, солардың қауіпті өнімін айналымнан алып қоюдың ауыртпалығын, шығындарын мемлекетке арту қисынсыз. Олар өз міндеттемелерін бұзған екен, онда неге ол өнімді айналымнан шығару шығындарын бюджет көтеруі керек? Сондықтан кері қайтаруға мәжбүрлеуді әділетті санаймыз. Бұдан адал кәсіпкерлерге қиындық келмейді", – деді Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары.

Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы жаңа заңның тағы бір жаңалығына назар аудартты. Ол бойынша Қазақстанда 4 салада – халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы; атом энергиясын пайдалану; өсімдіктерді қорғау; электр энергетикасы секторларында "тергеп-тексеру жүргізу" (расследование) енгізіледі.

Тергеп-тексерудің нәтижесі туралы актіде осындай бұзушылықтарды жоюдың жалпы мерзімі көрсетіледі. Сол салаға жауапты орган шаралар қабылдайды.

Депутаттың түсіндіруінше, әлдебір дәмханада адамдар жаппай уланса және оны тексеру қорытындысында ешқандай заң бұзушылықты анықтамаса, іс енді сонымен бітпейді.

Әрі қарай тергеп-тексеру жүргізу тетігі іске қосылуы керек. Оның аясында мәселен, СЭС қызметкерлері сол дәмханаға торт, тәттілер, сусын, азық-түлік жеткізушілерді, қоймаларды, өнімдер жеткізетін тасымалдаушы компанияны – бүкіл жеткізілімдер тізбегін тексеріп шыға алады. Бұл адамдарды улаудың бастау-қайнарын жедел әрі нақты табу үшін қажет. Әйтпесе, қауіпті патоген-инфекция өзге өнімдермен, не көлікпен өзге дәмханаларға еркін тарала бермек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу