Мароккодан Испанияның Сеута эксклавына заңсыз өтпек болып, қаза тапқан мигранттар саны 72 адамға жетті. Бұл туралы Испания Ішкі істер министрлігінің өкілі Мигель Анхель Перес Триано мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта құтқарушылар Сеута жағалауында іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Ал Марокконың AMDH құқық қорғаушы ұйымы оқиға салдарынан қаза тапқандар саны 130-ға жуықтағанын, ондаған адамның әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалғанын хабарлады. Ұйым өкілдері Сеутаға ондаған мың мигранттың ағылуына не себеп болғанын анықтау үшін тәуелсіз әрі жан-жақты тергеу жүргізуге шақырып отыр.
Апта басынан бері шамамен 60 мың адам Мароккодан теңіз және құрлық арқылы заңсыз түрде Сеутаға өткен. Эксклавта 85 мыңға жуық тұрғын тұрады. Теңіз арқылы жеткендер қарапайым жүзу құралдарын пайдаланған. 1 тамыз күнгі түске дейін 67 адамның қаза тапқаны белгілі болған. Испания Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, келгендердің басым бөлігі – 30 жасқа толмаған жастар.
Мадрид билігі 2021 жылдан бері алғаш рет қоғамдық тәртіпті сақтау үшін Солтүстік Африкадағы эксклавына әскери күштер жіберді. 31 шілде күні Испания билігі ондаған мың мигранттың өз еркімен Мароккоға кері оралғанын хабарлады. Алайда DW тілшісінің мәліметінше, 1 тамыз күні таңертең мыңдаған заңсыз мигрант Сеутадан кетуден бас тартқан, ал жергілікті тұрғындардың көбі қауіпсіздік мақсатында үйлерінен шықпаған. Кейін Испания Ішкі істер министрлігі келген мигранттардың дені Мароккоға қайтарылғанын мәлімдеді.
Мигранттардың жаппай ағылуының нақты себебі әзірге белгісіз. Испания премьер-министрі Педро Санчес бұл жағдайға шекара ашық деп жалған ақпарат таратқан адам тасымалдаушылар желісін кінәлады. Ал тағы бір нұсқа бойынша бұған Испания Жоғарғы сотының Сеутаға теңіз арқылы өтпек болған мигранттарды жеңілдетілген тәртіппен кері қайтаруға тыйым салған шешімі әсер еткен.