Қазақстандық шабандоздардан Ақпейіл Өсім, Бота Батырбекова, Виолетта Казакова, Елизавета Склярова 112,6 шақырымды жүріп өтті. Нәтижесінде Ақпейіл Өсім Азия құрлығының чемпионы атанды. Оған жарыс жолын бағындыру үшін 2 сағат 56 минут 51 секунд уақыт қажет болды. Күміс индонезиялық Девика Соваға бұйырса, үздік үштікті тағы бір қазақстандық спортшы Елизавета Склярова түйіндеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Менің арманым орындалды. Өз еліңде жеңіске жету – үлкен бақыт! Жеңісімді ата-анама арнаймын.", — деді Ақпейіл марапаттау рәсімінен кейін.
Элита санатында еліміздің намысын Рината Сұлтанова, Махаббат Үмітжанова, Марина Кузьмина, Фаина Потапова және Ангела Соловьева қорғады. Өкінішке қарай қазақстандық спортшылардың ешқайсысы бұл жолы жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Минчи Сон (Оңтүстік Корея) алтын, Тхи Тат Гуунг (Вьетнам) күміс, Син Тан (Қытай) қола жүлде иеленді. Велошабандоздарымыздың арасынан 7-ші орын алған Соловьева құрама сапынан үздік нәтиже көрсетті. Бұл сайысқа 18 елден барлығы 85 спортшы қатысты.
"Медаль аламын деп ойламадым. Бірақ мәреге бірінші болып келдім. Жарыстың 40 шақырымынан кейін тізем қатая бастады. Алайда шыдамдылық танныттым. Сый ретінде Құдай маған жеңіс сыйлады" — дейді Минчи Сон жарыстан кейін.
Айта кетейік, тас жолдағы велоспорттан Алматы қаласында 5-маусым басталған Азия чемпионаты бүгін, 12-маусым мәресіне жетпек.