Шағын бизнеске айналым қаражатын толықтырып, борыш жүктемесін азайту мүмкіндігі беріледі. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салықтық әкімшілендіру "Таза парақтан" жүргізіледі. Бұл шаралар барлық микро- және шағын бизнес субъектілеріне оң әсерін тигізеді. Нормативтік құқықтық актілерді қабылдауды және ақпараттық жүйелердің дайындығын қамтамасыз ете отырып, бүкіл ұйымдастыру шараларын жедел түрде жүргізуді тапсырамын", – деді Олжас Бектенов.
Бағдарламаның мақсаты – негізінен моно-, шағын қалалардағы және ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерді қолдау.
"Шағын бизнеске айналым қаражатын толықтырып, борыш жүктемесін азайту мүмкіндігі беріледі. Біз банктік несие бойынша номиналды мөлшерлеменің шамамен 9%-ын субсидиялайтын боламыз. Қорыта айтқанда, бірыңғай бағдарламаның жаңалықтары мен ережелерін бизнес субъектілеріне қарапайым тілмен түсіндіріп, тиісті әдістемелік ұсынымдарды шығару керек. Оларды бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік медиада кеңінен таратқан жөн", – деді Үкімет басшысы.