Елімізде шағын несиесін уақытында қайтара алмай жүрген азаматтардың қарызы едәуір өсе бастаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Нақтырақ айтсақ, микроқаржы ұйымдарынан алынып, мерзімі өтіп кеткен берешектердің жалпы сомасы 323 млрд теңгеден асты.
Әрине, бұл жақсы құбылыс емес, микроқаржы ұйымдарының кепілсіз қарызына көбіне несие тарихы қалыптасып үлгермеген жастар, бұрын банктен несие алып, кешіктіріп, кейін сенімсіз клиент атанған азаматтар жүгініп жатады. Жаңағы 323 млрд теңгенің 127 млрд теңгесі – төлемді 1 айға кешіктіргендердің еншісі.
Жалпы алғанда, еліміздегі микроқаржы ұйымдарының несие қоржыны 1,5 трлн теңгеден асатын болса, соның басым бөлігі – қарапайым халықтың алған қарызы. Оның 1 трлн теңгеден астамын азаматтар уақытылы төлеп отыр. Алайда қарызын 3 айдан асырып, мүлдем төлей алмай жүрген азаматтардың проблемалық несиелері де 73 млрд теңгеден асып жығылған.
Бір қызығы, микроқаржы ұйымдарының аранына тек қарапайым жұрт емес, шағын бизнес өкілдеріне де түсе бастаған. Жеке кәсіпкерлердің кешіктірілген қарызы – 36 млрд теңге, ал заңды тұлғалардың осы санаттағы берешегі 7 млрд теңгеден асады.
Халық арасында микроқаржы ұйымдарына қатысты жағымсыз пікір қалыптасқаны жасырын емес. Кейде олардың заңсыз өсім алатыны жөнінде де әңгімелер көп. Себепсіз болмаса керек, өйткені жыл сайын елімізде заңсыз қажамдарға барғаны үшін бірнеше микроқаржы ұйымдары мен ломбардтар лицензиясынан айырылып жатады. Соның әсерінен ел ішінде "микроқаржы ұйымдарын толықтай жабу керек" деген көзқарас қалыптасты және оны қолдаушылар да көп.
Дегенмен сала сарапшылары бұл көзқараспен толықтай келісе бермейді. Экономист Бауыржан Ысқақовтың пікірінше, мәселе микроқаржы ұйымдарында емес, қарызды кімге қандай шартпен, қандай тәуекелмен беріп отырғанында.
– Микроқаржы ұйымдары алдындағы қазақстандықтардың мерзімі өткен 323 млрд теңге қарызы – алаңдататын көрсеткіш. Алайда бұған қарап халықтың бәрінің жағдайы нашарлап кетті деп бағалауға болмайды. Бұл ең алдымен төлем қабілеті төмен адамдардың қарызға тәуелділігі артқанын көрсетіп отыр. Банктен несие ала алмайтын адамның микроқаржы ұйымдарынан оңай қаржы алып жататыны рас. Сол себепті де микроқаржы ұйымдары белгілі бір қажеттілікті өтеп отыр. Бірақ осы қолжетімділік артық қатерді де тудырады. Біз микроқаржы ұйымдарын толық тоқтатуды емес, тәуекелі жоғары азаматтардың қарыз алуын шектеу жайын ойламауымыз керек. Егер азаматтың табысы тұрақсыз, бұрын 90 күннен астам несиесін кешіктірген болса, оған қарыз берудің экономикалық мәні жоқ, – дейді сарапшы.
Бұған қоса Бауыржан Ысқақов халықтың қысқамерзімді қарыздарға тәуелділігі бәрібір бола беретінін жеткізді. Сондықтан көпшілік айтып жүргендей микроқаржы ұйымдарын елде толықтай тоқтатсақ, салдары тіпті ауыр болуы мүмкін.
– Егер микроқаржы ұйымдарын жабар болсақ, елде көлеңкелі жолмен қарыз берушілер, заңсыз онлайн ұйымдар көбейе бастауы мүмкін. Қаржылық ұйымдар жабылған күннің өзінде азаматтардың бұрын алған қарызы жойылып кетпейді. Барлық мәселе азаматтардың қаржылық сауаттылығында ғана емес, микроқаржы ұйымдарының да жауапкершілігінде. Сол себепті қаржылық ұйымдар әр азаматтың төлем қабілетін толық бағаламайынша, жауапсыз қарыз беруді тоқтатқан жөн, – деп түйіндеді экономист.
Ұлттық банк дерегінше, 2026 жылдың 1 шілдесінде Қазақстандағы активі ең үлкен 20 микроқаржы ұйымының жиынтық активі 1,43 трлн теңгеге жеткен. Нарықтың негізгі бөлігі бірнеше ірі ойыншының қолына шоғырланғанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Сондықтан саланы бақылаушылар шағын несие нарығын алдағы уақытта да назардан тыс қалдырмағаны жөн секілді.