Шахан кентінде құлаған үйдің тұрғындарына қаржылай көмек көрсетіледі

6244

Оқиға болған кезде үйде отызға жуық адам болған. Алты адам құтқарылды. 

Шахан кентінде құлаған үйдің тұрғындарына қаржылай көмек көрсетіледі

Қарағанды облысы Шахан кентінде тұрғын үйдің құлау себебін анықтау үшін ведомствоаралық комиссия құрылды. Бұл туралы ҚР ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.

Комиссия құрамына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының, төтенше жағдайлар департаментінің және Қарағанды облысы әкімдігінің мамандары кірді. Сондай-ақ, Қарағанды облысы Шахан кентіндегі үйдің құлауына байланысты әкімдікте құрылған жедел штабта 8-72156-3-24-17 нөмірімен "Шұғыл желі" ашылды. Қазір үйінді астынан қаза болған 9 адам табылды. Оның ішінде 3 ер, 3 əйел адам, 3 бала бар, балалардың екеуі 2016 жылы, біреуі 2010 жылы туған. Сондай-ақ тірі қалған 32 жастағы ер адам құтқарылды.

"2017­ жылдың 1 қаңтары күні сағат­ 22.40-та Қарағанды о­блысы ТЖД құтқару бөлімшелеріне Қарағанды облысы Шахтинск қалас­ының Шахан ауылында к­өпқабатты үйдің бір бөлігі құлағаны ту­ралы ақпарат тү­сті. Оқиға орнына төтенше ­жағдайлар департамент­інің күштері мен құра­лдары дереу жіберіліп­, үй тұрғындары қауіпсіз орынға көшірілді. Қазір құтқарушылар үй­індіні жинап, зард­ап шеккендерді іздеу жұмысын жүргізіп жатыр. Шамамен 70 а­дам мен 16­ техника жұмылдырылға­н. Оқиғаның себебі ан­ықталып жатыр", – дейді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар ком­итетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов.

"60 пәтерлі тұрғынүй 1987 салынған. Құлаған бөлігінде 10 пәтер орналасқаны белгілі болды. Жергілікті әкімдіктің айтуынша тұрғынүйде барлығы 118 адам өмір сүрген. Оның ішінде қираған бөлігінде 25 адам болса, алдын-ала есеп бойынша оқиға болған кезде үйде отыздай адам болған. Алты адам құтқарылды. Іздестіру жұмыстары бүгін кешке аяқталуы мүмкін", – дейді Қарағанды облысы әкімінің баспасөз хатшысы Әлия Сыздыкова.

Қарағанды қаласының тұрғыны Алексей Алексеенко үшінші шағынауданда орналасқан үйде бауыры тұратынын айтады.

"Мен Владимир Алексеенконың туған інісімін. Ағам вахтамен жұмысқа кеткен. Оның 24 жасар жұбайы Елена тұрғынүй құлағанда 6 айлық баласымен үйде болған. Жаңа жылды бірге қарсы алдық. Таңертең Қарағандыға отбасыма кеттім, үйде Елена мен анам қалды. Ал кешке белгісіз номерден хабарласып, маңызды ақпарат бар екендігін айтты", – дейді Алексей. Анасы көршіге кеткендіктен аман қалған. Алексей келіні мен 6 айлық баланы өлгендер арасынан таныды.

Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков қайғылы оқиға болған Шаханға арнайы барып қайтты.

"Шахан кенті 3-шағынаудандағы үйді тазалау жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір мамандар тоғыз адамның мәйітін ашып алды. Мақсат – қайғылы оқиғаға себеп болған жылыту жүйесі орналасқан жертөлеге жету. Оқиғаның шығу себебін анықтап, жылыту жүйесінің неге жарылғанына сараптама жасау қажет. Оқиғаның салдары мен себептерін жою керек", – дейді аймақ басшысы.

Қайғылы оқиғадан тірі қалғандар туған-туыстарының үйіне орналасты. Жергілікті билік қаза тапқандар тізімінде жоқ, бірақ қайда екендігі белгісіз тұрғындардың тізімін жасауға кірісті.

"Қирамаған пәтерлердің тұрғындары да басқа жерге көшірілді. Мешітке, балалар бақшасына орналасуға мүмкіндік жасалды. Дегенмен тұрғындар жақындарының үйіне кетті. Бұл мәселені шешу үшін қаражат бөлінді. Зардап шеккен тұрғындарға қаржылай көмек көрсетіледі, жерлеуге қолғабыс береміз", – дейді облыс әкімі.

Құтқарушылар аман алып қалған екі адам ауруханаға жеткізілді. "2005 жылы туған бала Қарағанды қаласының орталығындағы Мақажанов атындағы травматология және ортопедия орталығына жатқызылды. Баланың жамбасы сынған. Жағдайы қалыпты. Ал екі бұғанасы сынған ер адам Шахтинск қаласындағы орталық ауруханаға жеткізілді. Оны да Мақажанов клиникасына ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның да жағдайы қалыпты. Есін біледі", – дейді Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айжан Иса.

Құтқарушылар зардап шеккендерді іздестіру жұмысын жалғастырып жатыр. Үйіндіні аршуға 280 адам жұмылдырылды. Олардың арасында құтқарушылардан бөлек, полиция қызмектерлері, жедел жәрдем, ұлттық гвардияның 52859 әскери бөлімінің ауыр техникасы, жеке кәсіпкерлер бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу