Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Шахан кентіндегі құлаған үйге байланысты құрылған жедел штабтың отырысын өткізді. Аймақ басшысы шұғыл қызметтің, Шахтинск қаласы әкімінің, ТКШ саласы жетекшілерінің, полицияның есебін тыңдады. Облыс әкімі құтқару қызметінің жұмысына жеке тоқталды.
"Біздің ТЖ, денсаулық сақтау, ішкі істер мен басқа да қызметтер жедел қимылдады. Қазіргі кезде қажетті жұмыстар тиісті деңгейде атқарылды деп есептеймін. Тұрғындардың белсенділігін атап өткім келеді. Оқиға орнында жұмыс істеген манипулятор мен басқа да техникалар тұрғындардың бастамасымен іске кіріскен. Бұл тамаша азаматтық ұстаным екендігін айту керек", – дейді Нұрмұхамбет Әбдібеков.
Аймақ басшысы құтқару-іздеу жұмысына өз еркімен қатысқан техника қожайындарының шығынын өтеу мәселесін шешуге тапсырма берді.
Жылу қазандығы жарылған тұрғын үйді қазір Қазақстанның көпқырлы құрастыру және дамыту институтының сарапшылары тексеріп жатыр. Мекеме директоры Жұмағұл Нугужиновтың айтуынша, мамандар сырттай тексеру жүргізді, екі күннің ішінде өлшеу жұмыстары аяқталады.
"Үйдің қалған бөлігінде қауіпті кемшіліктер көрінбейді. Біз барлық бұрышты түсіріп, өзгерістер динамикасын қарауымыз керек. Жақын уақытта қорытынды дайын болады", – дейді Жұмағұл Нугужинов.
ҚазКҚДИ сарапшыларының ұсынысына сәйкес, үйді әрі қарай пайдалану мүмкіндігі туралы шешім қабылданады. Қираған бөлігін жөнге келтіру ҚазКҚДИ қорытындысы шыққан кезде ғана мүмкін болмақ.
Төтенше жағдай салдарынан келтірілген шығынды бағалау үшін арнайы комиссия құрылды. Қарағанды облысының әкімдігі жерлеу мен қонағасы шығындарын өз мойнына алды.
Сондай-ақ әкімдік қаза тапқан әр жан үшін 1 млн, зардап шеккен әр адамға 500 мың теңгеден материалдық көмек көрсетеді.
Көмек қорын жинақтау үшін Шахан кентінің әкімдігі гуманитарлық көмек орталығын жасақтады. Бүгінде Қызыл жартыай Қоғамы азық-түлік жеткізді. Кәсіпкерлер мен тұрғындар да көмек көрсетіп жатыр. Жақын арада ТЖ нәтижесінде зардап шекккендерге қаржы аудару үшін көмек қоры ашылады. Қордың жетекшілігіне Шахтинск қаласы мен Шахан кентінің қоғамдық өкілдері кіреді.
Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков автономды жылыту жүйесі мен қазандық орнатылған барлық көпқабатты үйді тексеруге тапсырма берді. Жылыту жүйесін анықтап, қызметкерлеріне қосымша тапсырма беру жүктелді. Бұл Шахан кенті ғана емес, Қарағанды облысында осындай жылыту жүйесіне қосылған барлық үй тексерістен өтеді.