Шахан кентінің 45 тұрғыны өз үйлеріне қайта қоныстануға келісті

1866

Құлаған үйде тұрудан бас тартқан 2 отбасыға жаңа пәтер сатып әперілетін болды. 

Шахан кентінің 45 тұрғыны өз үйлеріне қайта қоныстануға келісті

Шахан кентіндегі құлаған үйдің жылу, электр және сумен қамтамасыз ету жүйелері толықтай қалпына келтірілді. Бесінші қабаттағы шатыр да тексерістен өткізілді. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы хабарлады. Тұрғын үйдің үш кіреберісіндегі 45 тұрғын өз пәтерлеріне қоныстанды.

"4-кіреберіс бойынша құлаған бөліктерді құрастыру жұмыстары жалғасуда. Жасалған жоба бойынша қабырғаларды бекіту, жылыту мен құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Жұмыс толық аяқталғанда осы кіреберістегі 1, 2 бөлмелі пәтерлерге де тұрғындар оралады",- деп мәлімдеді облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков.

Сондай ақ Қарағанды облысында автономды қазандықпен жылытылатын барлық көпқабатты үйлерге кешенді тексеру басталды. Тексеру жұмыстары 1 ақпанда аяқталады.

Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының хабарлауынша, Қарағанды облысында автономды қазандық орнатылған көпқабатты 60 тұрғын үй мен 602 әкімшілік ғимарат тексеруден өтеді.

Комиссия құрамына қала мен аудан әкімдігінің өкілдері, ТЖ департаменті мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының қызметкерлері енген. Комиссия қазандықтардың сапасы мен орналасу орнын, қазандықпен жұмыс жасайтын мамандардың біліктілігін анықтайды. Өрт және өндіріс қауіпсіздігі бойынша білімдерін растай алмаған мамандар қайта даярлықтан өтеді немесе оларға жұмыс істеуге тыйым салынады.

"Тұрғын үй және әкімшілік үйлерде орналасқан барлық қазандықтар сыртқа, қауіпсіз жерге шығарылады",- деп хабарлады энергетика басқармасы.

Көпқабатты үйлерге қазандық орнату заңға қайшы. Қазақстандық көпсалалы жаңарту мен дамыту институты сарапшыларының айтуынша, қолданыстағы заңнама бойынша автономды қазандық орнатуға тыйым салынған.

"Шахан кентінде құлаған үйге сараптама жүргіздік. ҚР ҚНжЕ 2.35.76 сәйкес, көпқабатты тұрғын үйлерде қазандық орнатуға болмайды. Кодекстің 1.7-тармағында көрсетілгендей, көпқабатты үйге автономды қазандық орнату заңсыз", - деді ҚазЖжДИ директоры Жұмағұл Нугужинов.

ҚазЖжДИ сарапшылары Шахтинск қаласы Шахан кенті №4 шағын ауданындағы №3 құлаған үйге жүргізген сараптаманың қорытындысын шығарды. Тексеріс нәтижесіне сәйкес, тұрғын үйдің үш кіреберісіндегі 45 пәтер тұруға жарамды.

"Біз сараптама жұмысын аяқтадық. Тексеріс қорытындысында тұрғын үй қолдануға жарамды деген баға бердік. Үйде төрт кіреберіс бар. Алғашқы үш кіреберістегі пәтерлерге қоныстануға болады. Ал төртінші кіреберіс техногенді төтенше жағдайдан қирады. Бұл кіреберістегі үш бөлмелі пәтерлер күлге айналды. Ал бір және екі бөлмелі үйлерге қайта жөндеу жүргізіп, жылытып, қаптаса оларға да тұрғындарды орналастыруға болады. Үйдің негізгі қабырғалары берік",- деді Жұмағұл Нугужинов.

Мамандардың болжауынша, жертөле мен бірінші қабатты бөліп тұрған қабат бүлінген болуы мүмкін. Үй қабырғаларының тұтастығы бұзылғандықтан, жарылыстың қуаты бес қабатқа толық жайылып, құлауына әкеліп соққан.

Сондай ақ сатымен көтерілетін бөлік жарылыс қуатын өзіне қабылдағандықтан, төртінші кіреберістегі пәтерлер толық құламаған.

Сарапшылардың қорытындысы үйдің құлау жағдайын тексерумен айналысатын комиссияға жолданды. Комиссия шешімі Қарағанды облысы Ішкі істер департаментінің тергеу басқармасына беріледі.

ҚазЖжДИ директорының айтуынша, Шахан кентіндегі құлаған тұрғын үй сапалы тұрғызылған.

"Кеңес Одағы кезінде құрылыс материалдары заводтан шығарылатын. Қадағалау жұмыстары қатаң жүргізілетін. Сол себепті жарылыс тұрғын үйді толық шайқалта алмады. Үйді пайдалану мерзімі аяқталған жоқ. Жөндеу жұмыстары дұрыс жүргізілсе, әлі талай уақытқа жарамды",- деді сарапшы.

Сарапшылар Шахан кентінде құлаған үй қоныстануға жарамды деген шешім шығарғанына қарамастан, екі пәтер иесі ол үйге қайта оралудан бас тартты.

Шахтинск қаласы әкімі аппаратының баспасөз хатшысы Сайра Сағадиева тұрғындардың тең жартысы бұл үйде тұруға келісімін бергенін айтты.

"Тұрғындардың 50 пайызынан астамы өз пәтерлеріне оралды. Қалғандары ертең орналасуға дайын. Олар қазір заттарын жиыстырып жатыр. Тұрғындарға ҚазЖжДИ мамандарының сараптамасы таныстырылды. Тұрғын үй берік екендігі хабарланды. Олар қарсы емес",- деді Сайра Сағадиева.

Ал құлаған үйде тұрудан бас тартқан екі отбасыға жаңа пәтер сатып әперілетін болды.

7 қаңтар күні тұрғын үй 400 киловатты модульді қазандыққа қосылып, электр жүйесіне жалғанды.

"Бұл қазандықтың қуаты бұрынғы қазандықтан күшті. Температура мен қысымды бақылайтын барлық өлшегіштері бар", - деді Шахтинск қаласының әкімі Сержан Аймаков. Әкім үй тұрғындарының заттары қырағылықпен қорғалғанын да тілге тиек етті.

"Үй құлаған сәттен бастап, күзету шаралары қолға алынды. Тұрғындар болмаған кезде үйді 20 шақты құқық қорғау қызметкері күзетті. Ал пәтер иелері құжаттары мен заттарын алуға келгенде мамандар ілесіп жүрді. Тұрғындардың мүлкі қолды болған жоқ", - дейді әкім.

Аймақта 4 қаңтардан бастап Шахан кентінде құлаған үйде орын алған ТЖ зардап шеккендерге көмек қоры құрылды. Қорға осыған дейін 42 млн. теңге аударылды. Зардап шеккендердің шығынын өтеу бүгіннен басталды. Бұған қоса бүгін кентте қамқорлық кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Кеңес мүшелері қаза тапқандардың отбасыларына жерлеу рәсімі үшін 9 млн. теңге беру туралы шешім қабылдады.

Кентке гуманитарлық көмек жеткізу тоқтаған жоқ. Қазірге дейін 6 тонна азық-түлік пен шаруашылық заттары және киім-кешек келіп түсті.

Алдағы күндердің бірінде Қарағанды облысының мемлекеттік қызметкерлері бір күндік жалақыларын Шахан кентінде зардап шеккендерге арналған көмек қорына аударады. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Акцияға Қарағанды облысының әкімдігі, қала, аудан әкімдіктері, және басқармалар қатысады. Акцияға қатысу ерікті түрде жүзеге асады. Алдын ала есептеу бойынша, шара шеңберінде шамамен, 12 миллион теңге қаржы жиналады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу