Шахан: Қордың есепшотына 79 млн 421 мың теңге түсті

1828

Журналист қайырымдылық қоры жұмысын адал атқарып отырғанына  сенбейді. 

Шахан: Қордың есепшотына 79 млн 421 мың теңге түсті

Шахтинск қаласына қарасты Шахан кентіндегі төтенше жағдайдан зардап шеккен жандарға қол ұшын беру мақсатында құрылған Шаханға көмек қоры қамқоршылық кеңесінің мүшелері баспасөз мәслихатын өткізіп, қордың есепшотына 79 млн 421 мың теңге түскенін мәлімдеді.

Бүгінге дейін қомақты қаржының 13 млн теңгеден астамы зардап шеккендерге материалдық көмек көрсетуге және марқұмдарды жерлеу рәсіміне жұмсалыпты.

Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Жамал Мамерханова осыған дейін сан-саққа жүгірген гу-гу әңгімеге нүкте қою үшін ағынан жарылды. Ол қамқоршылық кеңесі өткізген жиналысқа қатысу мен кеңес құрамында жұмыс істеу екі түрлі нәрсе екенін атап көрсетті.

"Сіздер "қамқоршылық кеңесіне 2 адамды алу керек" десеңіздер, онда біз кеңес құрамынан 2 адамды шығаруымыз немесе қордың жұмысын уақытша  тоқтатып, жарғысына өзгеріс енгізуіміз керек. Нақтылап, түсіндіріп айтайын,

қамқоршылық кеңесінде жұмыс істеу мен оның жұмысы жөнінде ақпарат тарату екі түрлі кәсіп", – деді Жамал Мамерханова.

Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын ("Кеңес құрамына қосудан бас тартамыз", 13 қаңтар, abctv. kz) әріптестеріміздің қамқоршылық кеңесіне журналист Айман Мейірбекова мен Әсел Жетпісбаеваны қабылдауды өтінгенін, оларға қамқоршылық кеңесінің төрайымы Жамал Мамерхановадан көмек қорына келіп түскен қаражатты үлестіретін кеңес құрамына журналистерді қосудан бас тартатыны  туралы жауап келгенін жариялаған болатынбыз. Содан бері бірнеше күн өтсе де, қос тарап ортақ мәмілеге келмеген сияқты. Өйткені "Наша ярмарка" газетінің тілшісі Әсел Жетпісбаева: "тілшілерді қамқоршылық кеңесінің құрамына қосу керек еді", – деген пікірінен айнымай отыр. Оның сөзінше, алда не болатынын уақыт көрсетеді.

"Қамқоршылық кеңесінің құрамына Шахан кентінің тұрғыны, зейнеткер Светлана Ержұманова енді. Біз осы кісі қорға түскен қаржының мақсатсыз жұмсалмауын жіті қадағалайды, заңсыздыққа жол бермейді деген сенімдеміз", – деді Әсел Жетпісбаева. Ал қамқоршылық кеңесінің құрамына қабылданбаған екінші журналист Айман Мейірбекова қайырымдылық қоры жұмысын адал атқарып отырғанына сенбейтінін алға тартты.

"Қор мүшелері әділ болатын болса, бақылау ұйымын құрар еді. Өздеріне журналистерді жақындатпауы көңілге күдік пен күмән ұялатады. Бұл жерде бір гәп бар", – деді журналист Айман Мейірбекова.

Шаханда құлаған үйдің тұрғыны Светлана Басерева өзінің 2 бөлмелі пәтеріне жолай алмай жүрген көрінеді.    

"Комиссия пәтерімнің тұруға жарамды екені туралы шешім шығарды. Ал мен өз үйіме аттап басқым келмейді, қорқамын. Кеңес құрамына тілшілерді не себепті алмай отырғанын түсінбеймін. Халық журналистке сенеді. Олар кеңес құрамына енсе, барлығы шынайы болар еді", – дейді құлаған үйдің тұрғыны Светлана Басерева.

Өз кезегінде қамқоршылық кеңесінің мүшелері қажет болса журналистерге  күн сайын қорға түскен қаражат жайлы ақпарат беріп отыруға дайын екенін айтты. Ал қарағандылық журналистер оқыс оқиғадан зардап шеккен 11 жасар Елена Васильеваға көмек көрсету үшін өз араларында ақша жинай бастады. Қазір оң жақ жамбасы сынған қыз бала ауруханада  жатыр. Оған осыған дейін 2 рет ота жасалған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу