Шахандағы жылу қазандығының жұмысы жоспардағыдан кеш басталды

1620

Қарағанды облысындағы Шахан елдімекені тұрғындары үшін орталықтандырылған жылу желісі сан жылдарға созылған арманға айналды. 

Шахандағы жылу қазандығының жұмысы жоспардағыдан кеш басталды

Тұрғындардың айтуынша, 2012 жылы Шаханда өткен мерейтойда облыс әкімі орталықтандырылған жылу қазандығының салынатынын айтып, уәде беріпті. Содан бері жұрт жылуға жарып қалармыз деп жылда тосады.

Еске сала кетсек, 2017 жылы 1 қаңтарда Шахандағы көп қабатты үйдің жертөлесіне қойылған жылу қазандығы жарылып, үйдің бір бөлігі опырылып түскен. Бұл төтенше жайттан 9 адам мерт болған. Сол жылдан кейін, биліктегілер көптеген тұрғын үйлердегі қазандықтарды сыртқа шығарып, автономды жылытуды орнатқан. Алайда мұндай жылыту жүйесі жоқ үйлер Шаханда көп. Көпқабатты үйлердің көбісіне тұрғындар өздері пеш орнатып алған.

"Қазірден бастап біз көмір түсіріп, оны дайындаймыз, кәрі адамдардың өзі бесінші қабатқа дейін шелекпен көмір тасиды. Қыстың күні подъездің іші бықсып, түтінге толып кетеді, сондықтан орталықтандырылған жылу жүйесі бізге ауадай қажет. Алайда әлі құрылысын бастаған жоқ, тағы ақшаны шашып жайына кете ме деп қорқып жүрміз", - дейді Шахан кентінің тұрғыны Ерғали Әшімов.

Жылда жылуға жарымай қажыған шахандықтар орталықтанған жылу желісіне қол жеткізу үшін белсенді тұрғындардың қатысуымен қауымдастық құрыпты. Осы қауымдастық мүшелерінің айтуынша, жылу қазандығының алғашқы жобалық- сметалық құжатын 119 млн теңгеге жасатқанмен, ол жарамсыз болып қалған.

"Тендерге қойған кезде бұл жобаны бірден тендердан алып тастады. Яғни бұл шикі жоба, түзету керек, тарифінің бағасы қымбат деген сылтаулар келтіреді. Жобаны алып тастады, бірақ бұған ешкім жауап берген жоқ.Сосын екінші жобалық-сметалық құжатын тағы 60 млн теңгеге жасаттық,сараптамадан өттік. Қаражат бөлінді, әне-міне қазандық салынады деді. Тағы созылып кетті, қаңтар, одан ақпан деді, бір ұшы көрінбей қойды",– деп қынжылады Шахан тұрғындары қауымдастығының өкілі Светлана Ержұманова.

Жылда жыр болған Шаханның жылу желісінің қазандығына биыл қаражат қарастырылып, көктемде құрылыс жұмыстары басталмақ болған. Алайда құрылыс жұмыстары бір апта бұрын ғана басталды. Жылу қазандығына тапсырыс беруші Шахтинск қалалық құрылыс бөлімі мамандарының мәліметінше, тендерде жеңіске жете алмаған екі фирманың сотқа жүгінуі құрылыс жұмыстарының  дер кезінде басталуына кедергісін келтірген.

"Фирмалар тендер қорытындысына қарсы сотқа шағымданды,қазір сот процессі әлі жүріп жатыр. Бұған қоса бізде осы жобаны жасаған мекемемен келісімге келу жағы кешікті, өйткені бұл мекеменің бастығы инсульт алып қалғандықтан құжат толтыру, келісім алу созылып кеткен", - деп мәлімдеді  Шахтинск қаласының құрылыс бөлімі бастығының міндетін атқарушы Жанболат Төребаев.

Мердігер биыл жылдың соңына дейін мұнда ғимараттарды салатынын мәлімдейді. Қазандықты орнату жұмыстары келесі жылдың еншісінде қалады. Жылу қазандығын Ресейден сатып алуға келісіп қойған.

Ал шахандықтар болса жылу қазандығының жұмысы бірер жылда аяқтала қояды дегенге күмәнмен қарайды.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу