"Шахмат керуені" Павлодарға келді

954

Ауқымды жоба еліміздің барлық облыстарын қамтып, 10 қазан күні Түркістанда шахматтан әуесқойлар арасында гранд-финал өтеді.

"Шахмат керуені" Павлодарға келді Фото: wikipedia

Павлодар 24 қыркүйекте "Шахмат керуенін" қарсы алды. Керуеннің келу құрметіне арналған салтанатты шара Ertis Promenade алаңында өтті. Ауқымды жоба 10 қыркүйекте бастау алып, Көкшетау, Петропавл, Қостанай және Қарағанды ​​қалаларын қамтыды. 10 қарашаға дейін еліміздің барлық облысын аралап шығатын керуеннің басты мақсаты – өңірлерде шахмат қозғалысын насихаттау. Жоба бас серіктес Freedom Broker компаниясының қолдауымен жүзеге асырылуда. Оның идеясы саудамен қатар, халықтардың мәдени және спорттық мұрасын тасымалдаған Ұлы Жібек жолына негізделген.

Керуеннің келуі аясында Қазақстан шахмат федерациясының Павлодар облыстық филиалы ашылды. Оның төрағасы болып кәсіпкер Артур Шпейзер тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

"Қазақстан әлемдік аренада өте жақсы танылып жатыр. Соңғы 12 айдың өзінде елімізде үш рет әлем чемпионаты, Азия чемпионаты және бірнеше ірі халықаралық турнир өтті. Біз шахмат қозғалысының әр өңірде дамығанын қалаймыз. Павлодар халқы үшін де шахмат – маңызды спорт түрлерінің бірі", – деді салтанатты шарада сөз сөйлеген Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенко.

Алаңда тігілген мобильді киіз үйде гроссмейстермен бір реттік ойын сеансы  және шахмат турнирі өтті. 33 жастағы кәсіпкер Бақыт Джанғабілов турнир жеңімпазы атанды. Ол 10 жасынан бастап шахматпен айналысқан. Бақыттың айтуынша, шахматта теориялық және физикалық дайындық маңызды және ол зейінді жинақтауға көмектеседі.

"Шахмат интеллектті қалыпта ұстауға көмектесіп, табандылық пен қиялды дамытады. Турнирдегі қарсыластар батыл, жас және өте шапшаң екен. Сондықтан қарсыласу қиын болды. Бірақ мен өз стратегиямды қолдандым. Соның нәтижесінде жеңіске жеттім", – дейді Бақыт Джанғабілов.

Турнирде Сүлейман Ахмет екінші, Натан Кертаев үшінші орын алды. Жүлделерді халықаралық гроссмейстер Нұрлан Ибраев тапсырды. Облыстық турнирдің жеңімпазы мен жүлдегерлері 10 қараша күні Түркістанда өтетін гранд-финалға жолдама алды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу