Шахматшы қыздар жарап тұр

1155

Қазақ елінде, Алатау баурайындағы әсем қала Алматыны дүбірге бөлеп жатқан шахматтан ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионатының қазір қызған шағы.

Шахматшы қыздар жарап тұр

Алда төрт тур бар, жеңіске деген жігердің жасындай жарқылдайтын, жеңілгендердің көш соңына құлдырайтын кезі қазір.  Содан да шығар, үлкен үміт пен уайым, ел сенімін селге кетірмеуге ұмтылған гроссмейстерлер қобалжиды да, "жанып та кетуі" мүмкін, тіпті қателеседі де! Өйткені әлем чемпионаты – психологиялық майдан алаңы!  Мұндай тартыс бәсекесі қалың жанкүйердің де делебесін қоздырып, қиқулата түсері анық. Қазақстанда шахмат спортына, ой-өріс ойынына деген қызығушылық пен құрметтің артып келе жатқанын көрермендердің ынта-ықыласынан да аңғару қиын емес.

Қазақстанда шахматтан әлем чемпионаты өтетіні белгілі болғаннан-ақ тіпті одан бұрын да қалың жанкүйер қыздар құрамасындағы аруларымыздан үлкен үміт күтіп келеді, қазір де солай,  Қазақстан шахматының жарқын жұлдыздарына айналған Жансая Әбдімәлік пен Динара Сәдуақасова  сәтті өнер көрсетіп келеді. Ұлы аламан қызған тұста олар 8 ұпайдың алтауын олжалады. Әзірге олардың алдын тек жарты ұпайы артық қытайлық Тан Жен,  рсейлік Александра Горячкина, үндістандық  Савита Шри орап тұр. Савита осы әлем чемпионатының жарқын жұлдыздарының біріне айналуы да мүмкін. Өйткені әр турдан өткен сайын қарқынға қарқын қосып, үдеп келеді. Шешуші турлар алда. Біздің қыздарымыз қобалжымай, сергек ойнап, әбжілдік танытса жүлденің де ауылы алыс емес, ең бастысы сәттілік серік болсын дейік.

Бұл әлем чемпионаты еліміздің  қыздар құрамасындағы арулардың ізбасарлары өсіп келе жатқанын және өте тегеурінді екенін паш етіп отыр. Сұлтанбек Зейнептің ойыны қандай! Әлемнің таңдаулы шахматшыларын, үздіктердің өзімен тең дәрежеде ойнап,  8 ұпайдың 5 ұпайын жинап алды. Зейнеп келешекте Қазақ елінің даңқын асыратын гроссмейстер болатынын дәлелдеп отыр.  Әмина Қайырбекованың да шеберлігі артып, шыңдалған шахматшы екені байқалып келеді. Оның да еншісінде 5 ұпайы бар, демек,  жүлдеге таласуға мүмкіндігі мол. Меруерт Қамалиденова әлем чемпионатын қарқынды бастағанымен, арыны бәсеңдеп қалғандай көрінеді. Бірақ бұған уайымдаудың қажеті жоқ, Қазақ елінің абыройын арқалап әлем чемпионатына қосылған Меруерттен де күтеріміз көп.  Зарина Нұрғалиева  жасөспірімдер арасында жарқырап көрініп жүрген қызымыз. Ересектер бәйгесіне қосылып қана қоймай, 4,5 ұпай жинауы жүлдеден үмітті екенін көрсетеді. Қыздар құрамасындағы шахматшыларымызға сәттілік тілейміз. Әрине, барлығы бірдей әлем чемпионы атануы әсте мүмкін емес. Өйткені   дүниежүзінің таңдаулы шахматшылары бас қосқан дода бұл. Десе де, өз елімізде өтіп жатқан әлем чемпионатында қыздарымыз орасан  жүлдемен қуантады деген сенім мол. 

Ерлер арасындағы аламан да қызған шағында қазір. Әлемнің баса назарын аудартып жүрген жампоз, норвег Магнус Карлсенді әзірге ешкім тоқтата алар емес. Оның еншісінде алты жеңісі, үш тең ойыны бар.  Владимир Федосеев (FIDE), рапидтен әлем чемпионы өзбекстандық  Нодирбек Әбдісаттаров, Германия елінің үкілеген  үміті Винсент Кеймердің еншісінде 7 ұпай бар әзірге.  Одан кейінгі сатыда Данил Дубов, Влад Артемьев (FIDE), Аниш Гири (Нидерланды), Ю. Яньи (Қытай), Арджун Эрийгайси (Үндістан), Фабиано Каруананың (АҚШ)  еншісіне 6,5 ұпайдан жазылды.  Бұлар да әлем чемпионы деген атақтан үміткерлер санатында. Демек, қызықтың бәрі алда, тартысқа толы турларда үздіктердің додасы өтетінін көрермендерге хабарлаймыз. Ерлер додасында қазақстандық шахматшылардың арасынан павлодарлық  Әлішер Сүлейменовтің аяқ алысы жаман емес. Рас, ол алғашқы ойынды жеңіліспен бастап, одан кейінгі  партияның барлығында жеңіске жетіп,  арынын байқатты. Алдағы турларда  өзінің мықтылығын мойындатуына мүмкіндігі мол Әлішердің де.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу