Шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы Польшаның Быдгощ қаласында өтіп жатқан командалық әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетуде. Отандық шахматшылар қатарынан төрт жеңіске жетіп, әлемнің ең мықты сегіз командасының қатарына кіруге мүмкіндік алды. Әлем чемпионатының үшінші айналымында қазақстандық шахматшы қыздар Франция өкілдерін 2,5:1,5 есебімен ұтты. Меруерт Камалиденова мен Әмина Қайырбекова жеңіске жетсе, Бибісара Асаубаева тең түсті. Тек Әсел Серікбай ғана француз қарсыласы Митра Хеязипурды жеңе алмады.
Осы жарыстың 4-ші турында қазақстандық шахматшылар Украина командасын 2,5:1,5 есебімен ұтты. Команда сапынан Бибісара Асаубаева мен Алуа Нұрманова жеңіске жетіп, қарсыластарын тізе бүктірді. Меруерт Камалиденова Наталья Буксамен тең түссе, Әмина Қайырбекова Наталья Жуковаға есе жіберді.
Осылайша, топтық кезеңнің аяқталуына бір тур қалғанда Қазақстан әйелдер құрамасы 8 ұпай жинап, 2023 жылғы Әлем чемпионатының командалық турнирінің ширек финалына өтті. Ал соңғы турда шахматшыларымыз қоржынында 6 ұпайы бар А тобында екінші орында тұрған Грузия құрамасымен кездеседі.