Испанияның Линарес қаласында өтіп жатқан әйелдер арасындағы шахматтан 2025 жылғы командалық әлем чемпионатында жартылай финал жұптары анықталды. Қазақстан құрамасы Әзербайжанмен кездеседі, ал екінші жұпта FIDE Team мен Қытай құрамасы өзара мықтыны анықтайды. 18–23 қараша аралығында өтіп жатқан чемпионатқа 12 құрама қатысуда. Топтық кезеңнен кейін үздік төрт команда ширек финалда күш сынасты.
Ширек финал нәтижелеріне тоқталар болсақ, FIDE Team мен Өзбекстан құрамалары кездесіп, екі матчта да 3½–½ есебімен FIDE Team пайдасына аяқталды. АҚШ пен Қытай арасында өткен тартысты үшматчтық серияда Қытай жеңіп, жартылай финалға шықты. Әзербайжан – Грузия матчында Әзербайжан сенсация жасап, 2 матчтың қорытындысы бойынша жартылай финалға жолдама алды. Ал, Қазақстан – Үндістан кездесуінде негізгі екі матчта командалар тең түсіп, тай-брейкте Қазақстан жеңді. Құрамамызға жеңіс әкелген – Меруерт Камалиденова.
Жартылай финал жұптары:
• FIDE Team (2497) – Қытай (2473)
• Қазақстан (2382) – Әзербайжан (2367)
Бұған дейін топтық кезеңде Қазақстан Әзербайжанды 2½–1½ есебімен жеңген болатын. Енді командалр жартылай финалда тағы да өзара мықтыны анықтайтын болды. Естеріңізге сала кетейік, құрамамыз 2023 жылы Польшадағы Быдгощ қаласында өткен әлем чемпионатында және 2024 жылғы шахмат Олимпиадасында күміс жүлдегер атанған болатын.