Шахматтан Қазақстан ұлттық құрамасы Бүкіләлемдік онлайн олимпиадада жоғарғы дивизионда көш бастап тұр. Оған қоса Жансая Әбдімәлік төрт дүркін әлем чемпионы Хоу Ифаньды тізе бүктіріп, Қазақстан Қытай құрамасын да жеңіп кетті. Ифань турнирдегі алты кездесудің тек екеуінде ғана ойнады және ешқайсысында жеңіске жете алған жоқ. Әбдімәліктен кейін ол ирандық Сарасадат Хадемальшарьехпен тең түсті.
Тағы бір қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева онлайн олимпиаданың төртінші турында барлық алты ойынында жеңіске жетті.
Қазақстандық шахматшылардан бірінші турда Денис Махнев, Динара Сәдуақасова және Ассаубаева мен Жалмаханов 4,5-1,5 есебімен Грузияны ұтты. Екінші кезеңде Қазақстан құрамасы Сәдуақасова мен Асаубаеваның жеңістерінің арқасында Индонезиядан 3,5-2,5 есебімен басым түсті. Содан кейінгі кезеңдерде еліміздің құрамасы Румынияны 4-2, армениялықтарды - 3,5-2,5 нәтижесімен ұтты.
Қазақстан онлайн Олимпиадада 12 ұпаймен жоғары дивизионда көш бастап, Қытайдан екі ұпайға озып кетті. Шахматшыларымыздың тағы үш кездесуі - Иранмен, Моңғолиямен және Аустралиямен өтетін ойындары қалды.
Онлайн өтіп жатқан Олимпиадада жоғарғы дивизионның 40 командасы төрт топқа бөлінген. Олардың әрқайсысында айналым бойынша жарыс өтеді. Әр топтан үздік үштік іріктеу кезеңі, ширек финал, жартылай финал және финалдан тұратын плей-офф кезеңіне өтеді.
Бүкіләлемдік онлайн турнирде Қазақстан құрамасынан халықаралық дәрежедегі гроссмейстерлерден Ринат Жұмабаев, Денис Махнев, Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Бибісара Асаубаевалар және халықаралық дәрежедегі мастер Рамазан Жалмаханов сынға түсуде. Шахматтан Әлемдік біріншілік Chess.com ойын алаңында қашықтықтан өтіп жатыр және 15 қыркүйекте мәресіне жетпек.
Ермұхамед Мәулен