Қазақстандық маман Дмитрий Огай Қарағандының "Шахтёр" футбол клубының бас бапкері болып ресми түрде тағайындалды.
Бұл туралы бүгін клубтың баспасөз конференциясында белгілі болды. Бұған дейін бапкердің алдына "Шахтёрді" Премьер-лигаға қайта алып шығу міндеті қойылғаны хабарланған болатын.
Осы орайда Дмитрий Огай "Шахтёр" клубының бас бапкері болып тағайындалуына қатысты пікір білдірді.
– Мен үшін "Шахтёр" футбол клубын басқару – үлкен жауапкершілік. Дегенмен, бапкерлер штабы мен әкімшілік құрам алға қойылған міндеттерді орындау үшін бар күш-жігерін салады деп сенемін. Қарағанды футболының тарихы баршаға мәлім. Бұл команда Қазақстан чемпионы атанып, Чемпиондар лигасында және Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетті. Мұнда артық сөздің қажеті жоқ деп ойлаймын. Осы клубтың тарихын жасаған футболшыларды бәріміз білеміз. Оларды ұзақ тізіп шығуға болады. Бұл – жоғары деңгейдегі шеберлер тобы және біз мұны жақсы білеміз. Әр клубтың өз өрлеуі мен құлдырауы, қиын кезеңдері болады. Қазіргі уақытта клубтың бұрынғы жетістіктерін ескерсек, аса жоғары деңгейде емес болуы мүмкін. Алайда осындай ұйымшылдықпен команда тек Қазақстан Премьер-лигасында ғана емес, халықаралық ареналарда да жоғары нәтижелер үшін күресетініне сенімдімін, – деді маман баспасөз конференциясында.
Өткен маусымда "Шахтёр" Бірінші лигада 4-орынмен маусымды аяқтады. Қарағанды клубы – Қазақстанның екі дүркін чемпионы, сондай-ақ еурокубоктардың негізгі кезеңінде (2013-2014 жылғы маусымдағы Еуропа лигасы) ойнаған алғашқы қазақстандық команда.
65 жастағы Дмитрий Огай Қазақстанда "Ертіс", "Тобыл", "Қайсар", "Жетісу" және өзге де клубтардағы бас бапкерлік қызмет атқарған. Сонымен қатар, ол шетелде ресейлік "Урал", "Нефтехимик" командаларын жаттықтырған. Огайдың соңғы жұмыс орны "Жетісу" клубы болды.