"Шахтер" мен "Қайрат" топтық кезең үшін таласады

2040

Конференция лигасының төртінші іріктеу кезеңіне екі командамыз жолдама алды. Негізі олардың саны үшеу болуы тиіс еді. Алайда, "Астана" өз алаңында жеңісті қолдан берді. Ендігі қарсылас кім болады?

"Шахтер" мен "Қайрат" топтық кезең үшін таласады

"Шахтер" командасы қақпашы Игорь Щацкийдің арқасында осы кезеңге жетті. Пенальтилер топтамасында Теміртау қаласының тумасы 5 пенальти қайтарды. Алдымен румын ойыншыларынан, кейін украиналықтардың 3 добын тосты. Енді "Шахтер" Израиль елінің ең күшті командасы "Маккаби" Тель-Авив командасымен күш сынасады. Өткен жылы Еуропа лигасының топтық кезеңінде екінші орын алып, плэй-оффқа шыққан бұл команда теке тірестің айқын фавориті. Бірақ, қарағандылық клубқа қазір бәрібір. Осыған дейін кездескен екі қарсыласы да қарымды болатын. Қарсылас таңдайтын шамасы жоқ, бәрімен бірдей ойнай береді.

"Тобыл" жастардан жасақталған "Жилина" деген командаға қос матчтың қорытындысы бойынша 0:6 жеңілді. "Астана Аренада" 0:1, Словакияға барып 5:0 ұтылды. Жауапты матчта қақпамызға енген 5 гол жанкүйер жүрегіне қадалған 5 қанжардай әсер етті. Бірінен бірі сұлу, әдемі голдар. "Жилина" жастары тәжірибиесі толысқан "Тобыл" футболшыларын тобықтан қақты. Конференция лигасында Хорватия елінің "Хайдук" командасын жарыстан шығарып, ерлік көрсеткен "Тобыл" үшінші айналымда жарысты аяқтады. Осы кезеңнен де өткенде онда Чехияның "Яблонец" деген командасымен ойнайтын еді. Оның да деңгейі шамалы болатын. "Тобылда" Григорий Бабаян бапкер болып тұрғанда қостанайлықтар Конференция лигасының топтық кезеңіне өтіп кетуге тамаша мүмкіндігі болушы еді.

"Астана" еурокубоктерде тамаша ойнайтын тегеурінді командамыз еді. Алайда, Финляндия елінің ортаңқол ұжымы КуПСтан ары өте алмады. Сырт алаңда тең ойнап келіп, "Аренада" 3:4 жеңіліп қалды. Кездесудің 70 минутында елордалықтар 3:1 есебімен жеңіп тұрған. Бірақ, қақпаға бағытталған дәл соққының барлығы "Астана" қақпасына ене берді. Себебі, қақпада тұрған Дмитрий Непогодов олардың ешқайсысын да қайта алған жоқ. Жалпы бас бапкер Андрей Тихновтың да команда ойынын бір ретке келтіргенін байқай алмадық. Мынандай масқарадан соң қызметінен кетсе де жарасатын секілді. Бұл қарсыласты жеңіп, сосын "Унион" Берлин командасынан абыроймен жеңілгенде ешкім бұлайша дау көтермес еді.

"Қайраттың" істегені әрине де тарихи оқиға. Арменияның клубтары еурокубоктың топтық кезеңіне ешқашан шықпаған еді. Міне, алматылық "Қайрат" оларға тамаша мүмкіндік жасап берді. Екі ойыншысы алаңнан қуылып ішкі чемпионатта істеп жүрген тәртіпсіздікті мұнда да қайталады. Белоруссиялық жартылай қорғаушы Поляков биылдыққа 4 рет алаңнан қуылып отыр. Оның артынша Айбол Әбікен де алаңнан қуылды. Бас бапкер Кирилл Кекер ауыр жеңілістен кейін қызметінен кетті. Команда үшін тер төгіп жанын салып ойнаған Вагнер Лавтан обал болды. Десе де алматылық команда енді Конференция лигасына түседі. Төртінші, шешуші айналымда Люксембург елінің "Фола" деген командасына қарсы шығады. Енді Люксембургтың клубына жеңілсе онда "Қайрат" клубына жанкүйерлер қара күйе жағары анық. Топтық кезеңге шығуы тиіс емес, міндетті.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу