Қазақстан Премьер Лигасының 8-тур ойындары аясында кездесу өткізген қарағандылық "Шахтер" "Таразбен" тең түсті. Матч Алматыда "Жас Қыран" стадионында өтіп, 1:1 есебімен аяқталды.
Кездесудің 50-минутында стандарттан гол соққан белорусиялық ойыншы Валерий Каршакевич тараздықтарды алға шығарды. Ал негізгі ойынға қосымша уақытта қарағандылық Мухаммед Усман таразы басын теңестірді. Осы ойыннан кейін "кеншілер" 11 ұпай жинап, турнирлік кестеде 5-орыннан 4-орынға көтерілді. Ал "Тараз" 8 ұпаймен 8-сатыға жайғасты. Енді 19-қыркүйек күні 9-турда "Тараз" "Жетісумен", 20-қыркүйек "Шахтер" "Астанамен" кездесу өткізеді.
Сонымен қатар талдықорғандық "Жетісу" Премьер-лиганың 8-турында Көкшетаулық "Оқжетпесті" минималды есеппен жеңді. Матч ұлттық құраманың Талғардағы базасында өтіп, 1:0 есебімен аяқталды. Матчағы алғашқы әрі жалғыз гол 44-минутта соғылды. Гол авторы - Қазақстан құрамасының қорғаушысы Олжас Керімжанов. Осы жеңістен кейін Дмитрий Огай шәкірттері турнирлік кестеде 5-орынға көтерілді. Ал "Оқжетпес" 10-орында қала бермек.
Кездесу аяқталған соң "Оқжетпестің" бас бапкері ойынға қатысты өз пікірін білдірді.
"Маған ойын жайлы пікір білдіру қиын болып тұр. Біз әр кездесуде доп жіберіп аламыз. Бүгін қарсыласқа гол соғуға мүмкіндік бермеуге тырыстық. Бірақ бірінші бұрыштамадан кейін-ақ гол жіберіп алдық. Сондай-ақ ойыншылардың шабуылына менің көңілім толмайды. Иә, гол соғуға мүмкіндіктер болды. Бірақ сол мүмкіндіктерді жүзеге асыру қажет еді. Ойынды талқылап, қорытынды шығаруға тырысамыз. Біз жақсы ойнай аламыз және ойнауымыз керек", - деді "Оқжетпестің" бас бапкері Андрей Карпович.
Бұл Оқжетпес үшін биылғы чемпионаттағы алтыншы жеңіліс. Сегіз ойыннан кейін төрт ұпаймен көкшетаулықтар турнирлік кестеде соңғы орынға жайғасты. Енді олар келесі кездесуін "Каспиймен" 18-қыркүйек күні өткізеді.
Ермұхамед Мәулен