Михал Билектің командасы "Қайраттан" ұпай айырмашылығын қысқартты. "Астана" футболшылары көкшетаулық "Оқжетпеспен" кездесті. Ойын Талғар командасында өтіп, 2:0 есебімен, елордалықтардың пайдасына аяқталды. Алғашқы таймнан кейінгі қосымша уақытта Рунар Мар Сигурьонссонның пенальтиден тепкен добы голға айналып, есеп ашылды. Ал 80-минутта Сигурьонссон нәтижелі пас шығарып, алаңға ойыншының орнына шыққан Дидар Жалмұхан есепті еселей түсті. Осы жеңістің арқасында "Астана" 10 ұпай жинап, турнирлік кестеде 2-орында келе жатқан "Ордабасыны" қуып жетті. Ал, "Оқжетпес" бұл маусымда әлі ұпай жинаған жоқ.
Қазақстан премьер-лигасының 5-тур ойындары аясында Қарағандының "Шахтері" мен "Қызыл-Жар СК" кездесті. Ойын Алматы қаласындағы "Жас-Қыран" стадионында өтті. Матч 3:1 есебімен, қарағандылықтардың пайдасына аяқталды.
1-таймның 14 минутында Андрей Буйволовтың айып алаңынан қақпаға баспен бағыттаған соққысы голға айналды. Ал "Кызыл-Жар СК" тек екінші таймда ғана белсенді ойнай бастады. Кездесудің 77-минутында Габриэль Энаке есепті теңестірді. Негізгі уақыттың аяқталуына бес минут уақыт қалғанда Абдель Ламанж "Шахтерді" алға шығарып, есеп 2:1-ге жетті. Ал қосымша уақыттың 3-минутында Айдос Тәттібаев ойынға нүкте қойып, кездесу 3:1 есебімен аяқталды. "Шахтерде" әзірге 9 ұпай, ал "Кызыл-Жар СК-ның" қоржынында 4 ұпай бар.
Қызылордалық "Қайсар" Талдықорғанның "Жетісу" командасына қарсы кездесу өткізді. Ойында соғылған жалғыз голдың авторы "Қайсар" футболшысы Эльгуджа Лабжанидзе. Ол 75-минутта есеп ашты. Сонымен қатар, бүгін "Қайраттың" "Жетісу" командасына жалға берілген ойыншысы Еркебұлан Сейдахмет талдықорғандық команда атынан алғаш рет алаңға шықты. Матч 1:0 есебімен, қызылордалық команданың пайдасына аяқталды. Бүгінгі жеңістен кейін "Қайсар" барлығы 10-ұпай жинады.
Ермұхамед Мәулен