"Шахтер" сенсацияға дайын тұр

1694

​Қазақстан клубтары еурокубок ойындарындағы алғашқы матчтарын өткізді. Келесі аптада жарыста қанша командамыз қалады?

"Шахтер" сенсацияға дайын тұр

Конференция лигасы тұсауы кесіп алғашқы ойындарын өткізді. Ал 2-іріктеу кезеңінде Қазақстан атынан 3 клуб жарысқа түсті. Алдымен "Астана" өз алаңында Грекия елінің "Арис" командасын 2:0 жеңді. Жасанды алаң мен Марин Томасовтың жеке шеберлігі пайдасын тигізді. Тихонов баптайтын ұжым сырт алаңдағы матчта 2 доп айырмасымен жеңіліп қалмаса жеткілікті. Қорғанысты жақсылап ұстайтын командамызға сәттілік жолдас болса, келесі айналымға шыққалы тұр. Бірінші матчта қызыл қағаз алған Лука Шимунович бұл ойынға қатыса алмайды. Дегенімен, елордалық ұжым осы қорғаныс мәселесін реттесе "Купс" пен "Ворскла" командаларының жеңімпазымен ойнайтын секілді. 3-іріктеу кезеңіне бұл жұптан украиналық клуб шығатынға саяды. Себебі, бірінші матчтың өзінде олар 2:1 есебімен жеңіп жатып, соңғы минуттарда 1 гол жіберіп алды. Ішкі түйсігімізге сенер болсақ, еурокубоктерде ойнап үйреніп алған "Астана" үшінші кезеңге өтеді деп отырмыз.

Қазақстан біріншілігінде бірінші орында келе жатқан "Тобыл" болса алғашқы ойынында ештеңе көрсете алмады. Қостанай клубы сырт алаңда "Хайдук" командасына 2 доп айырмасымен есе жіберді. Бапкер Александр Москаленко екінші таймда Сергеев, Тошич, Иованчич секілді легионерлерді шығарып, ойынды жақсарта түсті. Сосын, алмасып енген Рубен Бриджиду да бірнеше қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Екінші матчта аталған футболшылар алаңға ертерек шықса, "Тобыл" хорват клубын әбден тықсырары анық. Қостанайда өтетін бұл матчта жергілікті жанкүйерлер қолдау көрсетсе, кім біледі, ойынды экстра таймға да аударып жіберуге болатын шығар. Ал оның ар жағында пенальтилер сериясы болады. Онда Мбаппенің пенальтиін тосып жүрген Александр Мокин "Тобылды" 3 іріктеу кезеңіне алып шығуы әбден ықтимал.

"Астана" мен "Тобылдың" жолына үмітпен қарап отырып, жанкүйерлер қарағандылық "Шахтердің" ойынына дән риза болды. Ішкі чемпионатта 11 орында келе жатқан "кеншілер" халықаралық аренаға шыға салып түрлене кетті. Командаға аяқасты бапкер болған Андрей Финонченко өзінің мол тәжірибиесімен бөлісіп, шәкірттерін алаңға қайрап шығарыпты. "Стяуа" тісқаққан тәжірибиелі команда болса да, "Шахтер" тегеурінді қарсылық танытты. Бірінші таймда бір гол жіберіп алғанымен, салысы суға кетпей, керісінше шабуылға шықты. Ойынның соңғы минуттарында Айдос Тәттібаевта гол салатын 100 пайыздық мүмкіндік болғанын да атап өте кетейік. Демек, "Шахтер" үшін ештеңе де аяқталған жоқ. Бір гол утболда ештеңе де шеше қоймас. Күресіп көруге болады. Стандартты жағдайлардың бірін пайдаланса бір гол салу қиындық туғызбас. Екі ойынның қорытындысы бойынша таразы басы теңессе, одан ары қарай өз алаңының, өз жанкүйерлерінің қолдауына сеніп өз бағын шабуылдан іздеуі тиіс.

Жалпы біздің болжам бойынша Конференция лигасына қатысып жатқан үш клубымыздың екеуі жарысты одан әрі жалғастырса да жаман болмайды. "Астананың" келесі қарсыласы кім болатынын да топшылап айттық қой, ендеше өзгелерге де тоқталайық. "Тобыл" әгәрәки келесі кезеңге өтсе словакиялық "Жилина" клубымен ойнауы ықтимал. Себебі олар бірінші матчта кипрлік "Аппалонды" 3:1 есебімен жеңді. Енді екінші ойынды олар өз алаңында ойнайды. Ал "Шахтер" "Стяуаны" артқа тастап, сенсация тіркесе онда украинаның "Колос" деген командасымен ойнайды. Посткеңестік елдердің кез келген командасымен терезесі тең ойнауға болатынын қазақ командалары жақсы біледі. Ендеше әліптің артын бағайық. 29 шілде күні үш сауалға жауап табатын боламыз.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу