"Шахтер" "Тұран" жастарын ірі есеппен жеңді

2586

Қазақстан кубогі топтық кезеңінің алғашқы турында 8 шілде күні бірден 4 кездесу өтті. "Кеншілер" үш ұпаймен өз тобында көш бастады.

"Шахтер" "Тұран" жастарын ірі есеппен жеңді

Шахтер Қазақстан кубогі топтық кезеңінің бірінші турында Тұранды қабылдады. Матч Қарағандыдағы Шахтер стадионында өтіп, 4:0 есебімен аяқталды.

Айта кету керек, түркістандық клуб бұл ойынға тек жастарын алып келді. Ойынның 16-минутында есеп ашқан Роман Мұртазаев 30-минутта дубль авторы атанды. Жеті минуттан кейін Тоқтар Жаңғылышбай пенальтиден мүлт кетті. 61-минутта Михаил Габышев мергендігімен көзге түссе, 86-минутта Иван Граф кездесудің нүктесін қойды.

Сонымен қатар "Қайсар" мен "Ақжайық" та күш сынасты. Матч Қызылордадағы Ғани Мұратбаев стадионында өтіп, 1:0 есебімен аяқталды. Жеңісті голды ойынның 84-минутында Адама Диалло пенальтиден соқты. Дәл осы сәтте "Ақжайық" қорғаушысы Сергей Шустиков екінші сары қағазын алды. Енді қызылордалықтар "В" тобында көш бастады.

"Ақсу" Қазақстан кубогінің бірінші турында "Атыраумен" кездесті. Матч Павлодардағы Орталық стадионда өтіп, 0:1 есебімен қонақ команданың пайдасына шешілді. Ойынның 87-минутында Петр Гжельчак мергендігімен көзге түсіп, командасына жеңіс сыйлады.

"Жетісу" Қазақстан кубогі топтық кезеңінің алғашқы турында "Астананы" қабылдады. Талдықорғандағы "Жетісу" стадионында өткен матч 0:0 есебімен аяқталды. Қосымша уақытты есепке алғанда қарсыластар 100 минутқа жуық ойнады. Сонда да бір-бірінің осал тұсын таба алмады. Қос команда іш пыстыратын ойын көрсетіп, бір ұпайды қанағат етті. Келесі турда "Астана" өз алаңында "Шахтерді" қабылдайды. D тобындағы ойын 15 шілдеде елордада өтеді. Ал "Жетісу" 17 шілдеде сырт алаңда "Тұранмен" кездеседі. Айта кетейік, ҚПЛ турнирлік кестесінде "Астана" 27 ұпаймен бірінші орында келеді. "Жетісу" бірінші лигада сегізінші орынға тұрақтады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу