Қарағандыда Премьер-Лига (ҚПЛ) командалары арасында футболдан Қазақстан чемпионатының 18-ші турының ойыны өтті. Жергілікті "Шахтер" өз алаңында "Атырауды" қабылдады. Кездесу 2:2 есебімен аяқталды. Нсунгуси Эффионг 16 минутта қонақтарды алға шығарды. Стефан Букорац 31 минутта таразы басын теңестірді. Ал бірінші таймның соңында Айдос Таттыбаевтың пенальтиінің арқасында "Шахтер" есепті еселей түсті. Бірақ қарағандылықтар таблодағы көрсеткішті сақтай алмады. 54-минутта Александр Нойок таразы басын теңестіріп, қорытынды есепті орнатты. "Шахтер" ҚПЛ-да оныншы орында қалса, "Атырау" жетінші орынға көтерілді.
Сонымеғн қатар Ақтауда да Премьер-Лига (ҚПЛ) командалары арасында футболдан Қазақстан чемпионатының 18-ші турының ойыны өтті. Жергілікті "Каспий" өз алаңында павлодарлық "Ақсуды" қабылдады. Екі клуб та чемпионаттың аутсайдерлері. Кездесу 3:1 есебімен алаң иелерінің жеңісімен аяқталды. Алдымен 26-минутта Филип Аврич пенальти соқты. 31-минутта Михаил Черномырдин есепті еселеді. 71-минутта қосалқы құраммен алаңға шыққан Бекзат Қабылан үшінші голды соқты. Қосымша уақытта "Ақсулықтарды" құрғақ жеңілістен Дамир Марат құтқарып, есеп айырмасын қысқартты. Жеңілістің дәмін татқан "Ақсу" турнир кестесінде соңғы орында қалды. Ал "Каспий" 13-орыннан 12-орынға көтерілді.
Талдықорғанда "Жетісу" Петропавлдан келген "Қызыл-Жарды" қабылдады. Кездесу 1:1 есебімен аяқталды. Екі гол да бірінші таймның соңында соғылды. 44 минутта жартылай қорғаушы Евгений Березкин қонақтарды алға шығарды. Ал бірінші таймға қосылған уақытта алаң иелерінің қорғаушысы Асхат Балтабеков таразы басын теңестірді. Турнирлік кестеде "Қызыл-Жар" бесінші орында қалса, "Жетісу" жетінші орынға көтерілді.
Бүгін, 6 тамызда Қазақстан чемпионатының 18-ші турының екі ойыны өтеді. Сағат 19:00-де "Тобыл" мен "Қайсар", 21:00-де "Ақтөбе" мен "Қайрат" арасындағы кездесу өтеді.