"Шахтердің" бас бапкері қызметінен кетті

1642

Вячеслав Грозныйдың "Шахтерден" кетуі команданың осы маусымда көрсеткен нәтижелерімен байланысты емес.

"Шахтердің" бас бапкері қызметінен кетті

Украиналық маман Вячеслав Грозный осы күнге дейін бапкерлік қызметте белгілі бір жетістікке жеткен емес. Оның футболдағы есте қаларлық жетістігі - екі мәрте Украина Кубогінің финалына дейін жеткені болатын. Оның біріншісі 1997 жылы днепропетровскінің "Днепрі", ал екіншісі 2006 жылы "Металлург" командалары. Осыған қарамастан Грозный екі мәрте, 1996 және 2002 жылдары Украинаның үздік бапкері атанды және әр маусым сайын украиналық клубтарды жаттықтырумен болды.

1996 жылы Грозный "Днепр" футбол клубының жаттықтырушысы болып тағайындалған. 1997 жылы "Днепрдің" футболшысы Сергей Нагорняк 1998 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінің плей-офф матчында, яғни Хорватия-Украина арасында өткен кездесуден кейін допингпен ұсталған. Мұндай жағдайда Украина футбол Федерациясы клубтың басшылығын кінәләп, Грозныйға Украинаның кәсіби командаларымен жұмыс жасауға тыйым салған. Алайда, УФФ басшысы Григорий Суркис бапкерді кінәсіз деп тауып, Грозный елге орала сала "Арсеналды" жаттықтыра бастады. Осы оқиғаларға қарамастан 1998 жылы ол тағы да Украинаның үздік бапкері атанды.

Грозный елімізге алғаш рет 2011 жылы келген. Ол кезде бапкер қостанайлық "Тобылмен" чемпионатта ұзақ уақыт бойы топ басында болғанымен, нәтижесінде тек 6-орынға ие болды. 2017 жылдың тамыз-қараша айлары аралығында павлодарлық "Ертісті" тізгіндесе, былтыр желтоқсан айында Қарағандының "Шахтеріне" бас бапкер болып тағайындалған. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты қарағандылық клубпен бірге Қазақстан премьер-лигасында тек екі ойын ғана өткізген. Олардың бірінде "Шахтер" "Тобылға" 1:3 есебімен ұтылса, ал екінші ойында "Қайратты" 1:0 есебімен ұтты. Нәтижесінде үш ұпай жинаған "Шахтер" турнирлік кестенің 8-сатысына жайғасты.

"Мұндай шешім біздің жанкүйерлеріміз үшін де, Вячеслав Викторұлы үшін де күтпеген жағдай болды. Алайда ойлана отырып, оған қоса қазіргі таңдағы жағдайларға байланысты осындай шешімге келдік, - дейді команданың атқарушы директоры Ерлан Оразаев. - Жоғарыда атап өткенімдей, бізде алдағы бірнеше жылға клубты дамытудың ұзақ мерзімді жоспары бар. Сонымен қатар, әлемдік пандемия COVID-19, нақтырақ айтар болсақ оның нәтижелері мен салдары біздің жоспарларымызды өзгертуде. Биыл біз чемпионатта белгілі бір жетістікке жетуді жоспарладық. Сондықтан тәжірибелі бапкер Вячеслав Грозныйды шақырдық. Ал енді клубты дамытуда басымдылық инфрақұрылым мәселелеріне берілетін болады. Бірақ, біз турнирлік кесте бойынша алдымызға мақсат қоймаймыз деген сөз емес. Вячеслав Викторұлына атқарған жұмыстары үшін, сондай-ақ біздің ұсынымызды қабыл алып, қызықты ойын өрнегін көрсете алатын мықты команда жинақтауға көмектескені үшін алғысымызды білдіреміз. Бапкер алдында келісім-шартта көрсетілген барлық міндеттемелер орындалады. Жаттықтырушыға сәттілік және жеңіс тілейміз", - деп қоса кетті "Шахтердің" атқарушы директоры.

Ерлан Оразаевтың айтуы бойынша жақында жаңа бапкердің есімі белгілі болады. Сонымен қатар ол клубты басқаруға кәсіби шеберлігі зор жас қазақстандық маман келеді деп уәде берді.

Бұған дейін ақпарат көздерінде бірінші лигада ойнайтын Талдықорғанның "Жетісу Б" клубында қызмет атқаратын Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы қорғаушысы Константин Горовенко "Шахтердің" бас бапкері болуы мүмкін деген мәліметтер пайда болған.

Ермұхамед Мәулен

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу