Шахтинск шахтасынан шу шықты

3866

Қарағандыдағы Шахтинск кен орнының 20 кеншісі басшыларының ақша бопсалайтынына шағымданды.

Шахтинск шахтасынан шу шықты

Кенді өңірдегі Шахтинск шахтасында еңбек етіп жүрген жиырма шақты кеншінің басшыларына деген өкпелері қара қазандай болып тұр.Олар өздерінің шыдамдарының шегіне жеткенін айтады.Бұл кеншілер кен орнындағы ең қауіпті әрі қараңғы жер бөліктерінде еңбек етеді.Олардың бұл зиянды жұмысы үшін ұжымдық келісімшарт бойынша еңбекақыларына 30 пайыз үстемақы қосылады. Кеншілердің айтуынша, олардың осы табан ақы, маңдай тері үшін берілетін үстемақының бір бөлігін басшылық  жағы қысып қалады.

"Олар бізге бұл соманы төлеген, бірақ бізге шарт қойған болатын, яғни мен сендерге қосымша ақы табуға мүмкіндік беремін, бірақ сол соманың жартысын маған беріп отырасыңдар деді. Мен әрі қарай өзімнен үлкен басшылықтарға беретін боламын деген еді", - дейді Шахтинск кен орнының жерасты электр дәнекерлеушісі Камиль Насибулин.

Кеншілер басшылықпен ақшаны бөліспеген  жағдайда өздеріне жұмыста қиындықтың туындайтынын айтады.

"Мен 2018 жылы бұл ақшаны беруден бас тартқан едім, бастық мені басқа жұмысқа ауыстырып жіберді, сосын түрлі сылтауларды тауып алып мені сыйақыдан айырды", - дейді электр дәнекерлеуші Альфред Камбулатов.

Кеншілердің айтуынша ақша жинау 2010 жылдан басталған. Ұжымдық келісімшартты жұмыскерлерге мүлдем көрсетпепті. Кеншілер ақпанда Шахтинск қаласының прокуратурасы мен полициясына ұжым болып бірігіп шағым түсірген. Кеншілерге ұсыныс тастаған ауысым бастығының үстінен "лауазымынын асыра пайдаланды" деген бап бойынша қылмыстық іс қозғаған. Алайда ол бірден өз еркімен жұмыстан шығып кетіпті. Кеншілердің адвокаты Илья Махловтың айтуынша, сотқа дейінгі тексеру уақыты баяғыда аяқталғанмен, одан әлі ешқандай нәтиже шықпапты.

Шахтинск кен орнындағы жанжалды оқиғаға қатысты "Арселор Миттал Теміртау"  компаниясы БАҚ өкілдеріне ресми жауап таратты. Бұл жауапта кеншілер компанияның қауіпсіздік қызметіне жүгінгеннен кейін, аталмыш  мәселе жөнінде құқық қорғау органдарын хабардар еткенін көрсеткен. Сондай-ақ компанияның қауіпсіздік қызметі тексеру жасап, соның нәтижесі бойынша жауапты басшылыққа жаза тағайындалыпты. Ал бұл оқиғаға қатысты құзырлы орындар әзірге жауап берген жоқ.

Арайлым Еркебаева, Қарағанды

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу