Соңғы бір аптадан бері соғып тұрған қатты дауылдың салдары облыс халқын әбден әбігерге салды.
Төбемізден "шатыр құлап кете ма" деген тұрғындардың қауіпі түсінікті. Соңғы күндері облыс орталығынан бөлек аймақтағы бірнеше ғимараттардың шатыры ұшып, төтенше жағдайлар орын алды.
Секундына 23-30 метрмен соққан желдің арты дауылға ұласып, Жаңақорған ауданы, Шалқия кентіндегі №86 орта мектебінің шатыры (ауданы 350-400 ш/м) ұшып, екі электр бағанасын кұлатып кеткен. Салдарынан Шалқия, Қыраш, Қосүйеңкі, Бірлік, Құттықожа, Екпінді елді мекендері электр жарығынсыз қалды. Сондай-ақ, қатты жел Жалағаш кентіндегі Мәдениет үйінің де шатырын ұшырып кеткен. Қуанарлығы, зардап шеккендер жоқ. Бүгінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Ал, Қызылорда қаласында орналасқан бұрыңғы "Болашақ" университетінің шатыры мен жоғарғы қасбеті опырылып түсті. Оқу ғимаратының шатыр көлемі – 300 ш/м қатты желге шыдас бермей сөгілген. ТЖД мәліметінше адам шығыны жоқ. Оқиға орнында ТЖД-дан 12 адам, 2 техника, Жұмылдыру дайындығы басқармасынан 1 техника, 3 адам жұмыс істеп жатыр.
Төтенше жағдайда аймақта қоғамдық тәртіпті сақтау қатаң бақылауға алынды. Стратегиялық маңызы бар объектілерде қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Адамдар көп жиналатын орындардың қызметіне сағат 22:00-ден кейін шектеулер қойылды. Ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық iс-шараларды өткiзуге тыйым салынды.
Соған қарамастан, режимді сақтамаған 20 кафе-тойхана иелеріне және отбасылық той жасаған 2 үй иесіне қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 476-бабымен хаттамалар толтырылған. Олардың алды 7 тәулікке әкімшілік қамауға алынса, арты 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеген. Бұдан бөлек көрінеу жалған ақпарат таратқан 5 тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Нұрбек Дәуренбеков