"Шаңырақ" пен "Нұрлы Жер" көпшілікке қолжетімсіз

6466

Ел азаматтарының тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған "Шаңырақ", "Нұрлы Жер" мемлекеттік бағдарламалары бюджет қызметкерлерінің оң жамбасына келмейді. Ал "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша берілетін қарыз көлемі төмен. 

"Шаңырақ" пен "Нұрлы Жер" көпшілікке қолжетімсіз

Бір сөзбен айтқанда, қолданыстағы тұрғын үй бағдарламалары тиімсіз, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Статистикаға сүйенсек, еліміздің 550 мыңға  жуық азаматы пәтер кезегінде тұр. Олардың саны жыл сайын орта есеппен 50 мың адамға өсіп жатыр.

Атап көрсетерлігі, елімізде азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтуға бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарлама бар. Ол әскери қызметкерлер мен халықтың әлеуметтік осал тобын қамтиды. Көрсетілген санатқа жатпайтын азаматтар "Шаңырақ", "Нұрлы Жер" бағдарламаларына жүгінеді.

Барлық үміткерлер үшін "Отбасы банкте" депозиттің болуы және төлем қабілетін растау негізгі талап болып табылады. Отбасының әр мүшесінің соңғы 6 айдағы табысы 3,7 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауға тиіс. Яғни отбасының бір мүшесіне шаққандағы табыс мөлшері 126 917 теңгені ғана құрауы керек. Мұндай жағдайда "Шаңырақ", "Нұрлы Жер" бағдарламалары мемлекеттік және бюджет қызметкерлері үшін қолжетімсіз болып қалады. Себебі олардың орташа айлық жалақысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен 5-7 есе артық.

Тұрақты жалақысы айына 150-200 мың теңгені құрайтын, тұрғын үй кезегінде тұрған мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бірде-бір тұрғын үй бағдарламасының өлшеміне сай келмейді. Олардың "Отбасы банк" АҚ-да бастапқы жарнаның 50%-ын жинау мүмкіндігі жоқ.

Таяуда Мәжілісте "Нұрлы жер", "Шаңырақ" бағдарламалары бойынша отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табыс өлшемін 3,7 ең төменгі күнкөріс деңгейінен 6 ең төменгі күнкөріс деңгейіне жеткізу мәселесі  көтерілді. Ал "Бақытты Отбасы" бағдарламасы бойынша қарыз көлемін Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында 18 млн, басқа өңірлерде 13 млн теңгеге дейін ұлғайту ұсынылды. Бұған қоса тұрғын үй кезегінде тұрған  мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне "Отбасы банк" АҚ-да тұрғын үйдің бастапқы жарнасын 50%-дан 30%-ға қысқарту қажет деген пікір айтылды.

"Бұл шаралар тұрғын үй кезегінде тұрған мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлерінің санын қысқартуға және табысы 3,7 ең төменгі күнкөріс деңгейінен асатын азаматтардың тұрғын үймен қамтылуына ықпал етеді", – деді депутат Жамбыл Ахметбеков.

Мәселені Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен де көтерген еді. Оның сөзінше, әлеуметтің осал тобына жататын азаматтар, оның ішінде 1-2 топтағы мүгедектер ресми жұмыс істемеуі, бірыңғай зейнетақы қорына жарна аудармауы және табысын растай алмауы салдарынан жеңілдетілген ипотекадан құр қалады.

"Бұл сұрақты уақыт оздырмай шешу керек. Ел азаматтарының құқығын шектеуге болмайды", – деді сенатор.

Айта кетейік, биыл "Бақытты отбасы" бағдарламасын іске асыруға қосымша 20 млрд теңге бөлінді. Осылайша өтінім лимиті 5 000-нан 7 500-ге ұлғайды.

2021 жылдың 12 сәуірі мен 2021 жылдың 26 мамырын қоса алғанда "Бақытты отбасы" бағдарламасына қатысуға 37 592 өтінім қабылданды.

Өтініштерді қарастыру кезінде мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған және көпбалалы отбасыларға басымдық берілді. Нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылардың – 4 117, көпбалалы отбасылардың – 2 682, толық емес отбасылардың – 700 өтінімі қанағаттандырылды.

Ғалия Әділ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу