Шардарада су босқа ағып жатыр

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2951

Көптеген компаниялар мен қаншама қазақстандық "Жаңа жылға" қарызбен кіруде.

Шардарада су босқа ағып жатыр

Осыған орай үкіметтің ескі жылдағы бүгінгі соңғы отырысында министрлер кабинетінің мүшелері дабыл қақты.

Үкімет отырысында қысқы жылу беру маусымының өту барысы қаралған болатын.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев қарыздан да басқа біраз көңілсіз жайтты жайып салды.

"Ағымдағы жылға жоспарланған электр стансаларын жөндеу жұмыстары аяқталды. 8 энергоблок, 57 қазандық және 35 турбина, 24 мың шақырым электр желісі жөнделді. Сонымен бірге жекелеген аймақтарда жөндеу жұмыстары кешіктірілуде. Мысалы, 2015 жылы басталған Шардара су электр стансасында 2 гидрогенераторды жаңарту осы күнге дейін аяқталмаған. Осыған байланысты стансада су мақсатсыз, бос ағып жатыр. Жұмысын аяқтау тек келесі жылға жоспарланған. Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында "Самұрық-Энерго" ұлттық компаниясы қайта қалпына келтіру жұмыстарын жеделдету үшін қосымша шаралар қабылдауы қажет", – деп үкімет басшысына ұсыныс енгізді бас энергетик.

Бұдан бөлек "МАЭК Қазатомөнеркәсіп" мекемесінің №2 жылу орталығында 28 және 30 қараша күндерді автоматтық реттеу жүйесі жұмысының тұрақсыздануы салдарынан осы жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген 6-шы және 9-шы турбиналарда апаттық жағдай орын алыпты. Соның кесірінен Маңғыстау және басқа елдімекендердің "тұтыну қабілетінің шектелуіне" әкеліп соқтырған. 

Бұған қоса, "МАЭК Қазатомөнеркәсіп"-тің №1-ші жылу электр стансасының 1-ші энергоблогында ротордың ауыстырылуы әлі күнге аяқталмаған. Соған байланысты энергетика министрі үкімет басшысынан "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясына, Маңғыстау облысы әкімдігімен бірлесіп, осы "МАЭК Қазатомөнеркәсіп" мекемесінің электр стансаларының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін тиісті іс-шараларды дереу қабылдауды жүктеуді сұрады. 

Министрдің айтуынша, тіпті еліміздің айрықша мәртебелері бар қос бас қаласы – Астана мен Алматының өзінде қыс кезінде тұтас аудандар мен көшелерді электр қуатынан уақытша болса да, ағытып тастау фактілері тіркелуде.

"Жылыту маусымы басталғалы бері дәл аяз қысқан шақта жылу желілерінің температуралық кестені сақтамауының 37 фактісі тіркеліп отыр. Рас, бұл өткен жылғыдан 3 есеге аз. Бұл бұзушылықтардың ең көп көлеміне Көкшетау аудандық қазандығында жол берілген. Сонымен бірге электр энергиясын жергілікті деңгейде ағытып тастау, тұтынушыларға шектеу енгізу деректері кездесуде. Атап айтқанда, мұның Алматы облысында 7 оқиғасы, Астана қаласында 21 оқиғасы, Алматы қаласында 19 оқиғасы, сондай-ақ Петропавл қаласының жылу желілерінде 17 оқиғасы, Павлодарда 2 оқиғасы тіркелді", – деді Қанат Бозымбаев.

Ол жылу үшін қарыздардың орасан зор көлем алғанын жасырмады. Нақтырақ айтсақ, қуат өндіруші компаниялардың "ҚазТрансГаз аймақ" АҚ-ы алдындағы қарызы қазіргі кезде 6,2 миллиард теңгені құрайды. Бұл қыркүйек айының басындағы көрсеткіштен екі есе көп көрінеді.

Мұның сыртында "Богатырь Көмір" ЖШС алдында да стансалардың 700 миллиондай теңге қарызы қордаланып қалған. 

Ең көп қарыз "МАЭК Қазатомөнеркәсіп"-ке тиесілі – 3 миллиард 848 миллион теңге. Одан кейін "Алматытеплокоммунэнерго" тұр (1 миллиард теңгеден астам). Ал "Ақтөбе ЖЭО"-ның қарызы 476 миллион теңгені, "Жайықтеплоэнерго" борышы 630 миллион теңгені, "Таразэнергоцентр" берешегі 178 миллион теңгені құрайды. Басқа стансаларда да қарыздың барлығы айтылды.

Көмір мен шикізат жеткізу дәл қыс ортасында тоқтатылып тастамауы үшін үкімет жергілікті әкімдіктерге бұл компаниялардың "ҚазТрансГаз аймақ" пен "Богатырь Көмір" алдындағы қарыздарын дереу жабуды тапсырды.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек 2017-2018 жылдардағы жылыту маусымы Қазақстанның барлық өңірінде тұрақты режимде жүріп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, министрлік жылу беру, сумен жабдықтау және су тарту желілеріндегі технологиялық ақауларды болдырмау мақсатында жылу беру маусымының барысын қадағалап отыр.

"Жылу беру маусымы басталғалы бері халықтың тіршілігін қамтамасыз ету коммуналдық жүйелерінде 45 технологиялық ақау тіркелді. Оның ішінде жылумен жабдықтау желілерінде – 11 (СҚО – 5, ШҚО – 1, Павлодар – 3, Алматы қаласы – 1, Қарағанды – 1); сумен жабдықтау желілерінде – 34 (Астана қаласы – 26, Қостанай – 3, Павлодар – 2, Қарағанды – 1, ШҚО – 1, Атырау – 1). Әкімдіктер технологиялық ақауларды қысқа мерзімде жөндеді", – деді Жеңіс Қасымбек.

Осыған орай, министр өңір әкімдіктері халықтың тіршілігін қамтамасыз ету жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуі үшін бақылауды күшейтулері керектігін және жылыту кезеңінде болатын мереке күндері  жауапты тұлғалардың тәулік бойғы кезекшілігін ұйымдастырулары қажеттігін айтты.

Министрдің дерегі бойынша, жылыту маусымының басында тұтынушылардың коммуналдық қызметтерге дебиторлық берешегі 14,5 млрд теңгені құраған. Қазір бұл сома 11%-ға төмендеді.

"Бүгінде қарыз 12,9 млрд теңгені құрайды. Яғни, 1,6 млрд теңгеге төмендеді. Қарыздың ең көп мөлшері Астана мен Алматы қалаларында, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында сақталып отыр", . – деді инвестициялар және даму министрі.

Биыл жылу беру маусымына дайындық 1 мамырдан басталды. Сол кезде 43,5 миллион тоннадан астам көмір тасымалданды. Бұл жоспардың 98 пайызын құрайды.

Тасымалдауды толық қамтамасыз ету үшін жазда көмір тасымалдау көлемін біркелкі таратуды қамтамасыз ететін тікелей ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалды. Бұл сұраныстың көп кезеңінде вагон тапшылығын төмендетуге мүмкіндік берді. Тапшылық зарын тартқан Қазақстанға Ресей Федерациясының жеке операторларынан 7 мың және Грузин темір жолынан 314 шағын вагон әкелуге тура келіпті.

2017-2018 жылдардағы жылыту маусымы министрліктің тұрақты бақылауында болады.

Ал Алматы әкімі Бауыржан Байбек Алатау бөктеріндегі өзі басқаратын қалада 17 мың жеке тұрғын үй қыс кезінде 63 мың тонна көмір жағатынын айтады. Қазір олардың шамамен 90 пайызы ғана көмірмен қамтамасыз етіліпті. Тағы 7 мың тоннаға зәрулік бар. 

"Алматы бойынша 20 желтоқсандағы жағдай бойынша коммуналдық қызмет үшін қарыздар көлемі 1,8 миллиард теңгеге дейін төмендеді. Үш ай ішінде абоненттер 1 миллиард теңгеден астам борышын немесе 36 пайызын өтеді. Бұл ретте бүкіл Қазақстан бойынша коммуналдық қызметтерді тұтынушылардың ең көп көлемі де Алматыда екенін ескерген жөн. Дәлірек айтқанда, қалада 700 мыңнан астам заңды және жеке тұлға тұтынады. Мәселе айрықша бақылауда", – деді қалабасы.

Ол бас энергетиктің Алматыға қатысты ақпараты ескіріп қалғанын меңзеп: "Алматытеплокоммунэнерго" миллиардтан астам қарызының 800 миллиондайын өтепті. Бауыржан Байбек қалған 276 миллион теңгесін жыл соңына дейін қайтаратынына сендірді.

Астана әкімі Әсет Исекешев елордалықтардың қарызының көптігінен құпия жасап жатпады.

"Коммуналдық қызметтер үшін қарыз 2 миллиард 806 миллион теңгені құрайды. Соның ішінде тұрғындардың борышы 416 миллион теңге, ал заңды тұлғалардың қарызы 1 миллиард 326 миллион теңге. Жыл ішінде қабылданған шаралар арқасында бұл қарыздарды 30 пайызға азайтуға қол жеткізілді. Жұмысты жалғастырудамыз", – деді Астана әкімі.

Биылғы қыстың әзірше жылы болуы жауапты шенеуніктердің бастарының домаламауына ықпал етіп отыр. Бұған мәселені талқылауды қорытқан үкімет басшысы да назар аудартты. Бірақ бұл арқаны кеңге салуға негіз болмауы керек.

"Құрметті әріптестер! Өздеріңіз көріп отырсыздар, биыл қатты аяз жоқ. Дегенмен, жылыту  маусымын тұрақты бақылауда ұстауымыз керек. Алда мерекелік күндер келе жатыр. Сондықтан жылу беру, электр қуатымен жабдықтау мәселелерін әкімдерге айрықша назарда ұстауды тапсырамын", – деген Бақытжан Сағынтаев әкімдіктерде мерекелік күндері кезекшілік ететін шенеуніктердің кестелерін әзірлеуді жүктеді. Олар "Жаңа жыл" күндері коммуналдық қызметтер желілерінде апат болмауына басымен жауап бермек.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу