Шәрібаев шаршы алаңда тың жобаны бастады

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3591

Кәсіпқой бокс тарланы Айдар Шәрібаев тың бастаманы қолға алып, жүзеге асыра бастапты.

Шәрібаев шаршы алаңда тың жобаны бастады

Атап айтқанда, 12 ай бойы қазақтың айбынды 12 батырын еске түсіруге арналған бокс кештерін өткізбек екен. Мәселен, 5-6 қаңтарда Райымбек батырды еске алу кешін ұйымдастырған. Осының анық-қанығын білу үшін Айдардың өзімен хабарластық.

– Қаңтардың басында жасөспірімдер арасында Райымбек батырды еске түсіруге арналған, "Aidar Gym" бокс клубының ашық біріншілігін өткіздік. Шаршы алаңдағы тартысты жекпе-жектер екі күнге созылды. Алматы облысындағы өзім түлеп-ұшқан Ащыбұлақ ауылы мен оның бер шетіндегі Қазақстан ауылының жеткіншектері тың бастамамыздың көрігін қыздырды. Бірінші рет ұйымдастырылып отырғандықтан, қатысушылар саны аса көп болған жоқ, бас аяғы 4-5 команда ғана шақырылды. Әйтсе де, өзіміз күткеннен де жоғары деңгейде өтіп, көңілімізден шықты.

– Келер ұрпақ пен тарихи тұлғаларымызды бір жобаға ұштастыру себебі мен мақсатыңызды білуге бола ма?

– Бүгінде жас ұрпақтың аузында – Голливуд актерлері, одан қалса Бэтмен секілді ойдан шығарылған басқа да жасанды кейіпкерлер. Өзімізде үлгі тұтар батырлар жоқтай, өскелең ұрпақ осындай шетелдік кейіпкерлерге тәнті болады. Сондықтан, жеткіншектеріміздің өз батырларымыздың атын жаттап, өскенін қаладым. Неге өзіміздің барымызды насихаттап, есімдерін паш етпеске деген ой келді. "Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шығады" демекші, жеткіншектер бой түзеп өсетін батыр бабаларымыздың есімдерін ұлықтауды жөн көрдім. Сөйтіп, әр айдың алғашқы сенбі-жексенбісінде екі күндік бокс кешін өткізуді қолға алдық. Жоғарыда айтқанымыздай, Райымбек батырды еске алуға арналған ашық біріншілігімізді өткіздік. Енді, құдай амандығын берсе, ақпан айының басында Қабанбай батырды еске алуға арналған кезекті кешімізді ұйымдастырмақпыз. Әрі бұл жолы ересектер арасында да тартысты жекпе-жектер өткізіп, 10 шақты боксшыны қосамыз ба деген ойымыз бар. Өйткені, тепсе темір үзетін жігіттер арасындағы айқастар өте тартысты болады. Кешіміздің дәрежесін өсіреді. Көрермендер үшін тіптен қызық болмай ма?!

– Осының бәрін өзіңіз ұйымдастырып жүрсіз бе?

– "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" дейді ғой қазақ. Тілеулестеріміз аз емес. Тіпті қолдарынан келгенінше, демеуші болып, көмектесіп жүрген аптал азаматтарымыз да бар. Райымбек батырды еске алуға арналған ашық біріншілігімзде жақын достарым арнайы сыйлық-сыйақы тағайындап, бүлдіршіндерді ынталандыра түсті. Осы ретте, айтқым келетіні, бала да болса, жас жеткіншектеріміз – әр үйдің болашақ азаматтары. Жалпы, ер баланың қанында үйіне бірдеңе алып келгісі келетін аңшылық түйсік бар. Сондықтан, үйіне құр қол бармай, қанжығасын "қандап" барғаны – өзіне де, әке-шешесіне де үлкен мақтаныш.

Айтпақшы, алдағы Қабанбай батырды еске түсіруге арналған ашық біріншілігімізге "Таймас" баспа үйі тарихи кітаптар сыйламақ. Жас өрендеріміз әйгілі бабамыз туралы кітап оқып, тарихын біліп жүрсе, бұл да үлкен тәрбие емес пе?!

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу