Шариғат нормаларына сай қаржылық қызметтерді енгізу қиындыққа тап болды

1222

Ислам банкингінің посткеңестік елдердегі басты проблемалары анықталды. 

Шариғат нормаларына сай қаржылық қызметтерді енгізу қиындыққа тап болды Фото: kpiz.ru

Жаһандық S&P Global Ratings агенттігі бұрын кеңес одағына кірген 6 елде ислам банкингі неге қарқынды өркен жаймай тұрғанының негізгі себептерін анықтады.

S&P Global Ratings рейтинг агенттігінің зерттеуінде бұл республикаларда ислам банкингінің даму процесі тым баяу екені айтылған. Мысалы, 2023 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша бүкіл Орталық Азия елдерінде шариғат нормаларына сәйкес келетін банк қызметтерінің жиынтықты көлемі 500 миллион долларды құрады.

Агенттік мамандарының байламынша, халқының басым көпшілігі мұсылман саналатын 6 елде – Қазақстанда, Әзербайжанда, Қырғызстанда, Өзбекстанда, Тәжікстанда және Түрікменстанда ислам банкингі сол бұрынғыдай дамудың бастапқы сатысында ғана тұр.

Зерттеуде атап айтылғандай, негізінен "халал" қаржылық қызметтерді тұтынуы үшін елде мұсылман тұрғындардың үлесінің басым болуы аздық ететіні анықталды.

Билігі қолайлы нормативтік-құқықтық база құрған елдердің өзінде ислами банк өнімдерінің жергілікті жұртшылық арасында таралу деңгейі төмен болып қалғанына назар аудартылған.

S&P мамандарының түсіндіруінше, бұған бірнеше фактор ықпал етіп отыр. Бұл факторларға – қаржылық өнімінің біршама күрделілігі және түсініксіздігі, халықтың біраз бөлігінің қаржылық сауатының аздығы, бірқатар елдердегі халықтың кедейлігі, қаржылық делдалдықтың кенже қалуы, республикалардың зайырлы сипатта болуы жатқызылды.

Мысалы, мұндай елдерде Конституция мен зайырлы заңдар бірінші орында тұратындықтан, өзі тұтынатын банк қызметтерінің шариғат талаптарына толық сай болуына адамдар мән бермеуі мүмкін.

"Орталық Азия елдері халықтарының басым көпшілігін мұсылмандар құрағанымен, кеңес одағының осы алты елінде шариғат қағидаттары сот жүйесіне еш ықпал ете алмайды. Мысалы, Таяу Шығыстағы мұсылман елдермен салыстырсақ, оларда шариғат біраз құқықтық нормаларға әсер етеді. Тиісінше, жергілікті құқықтық ортаны бейімдеудің күрделілігі осы сектордың дамуына ұзақ уақыт бойы кедергі болды", – деп жазды S&P сарапшылары.

Қазақстан мен Әзербайжанда қосымша фактор ретінде экономика құрылымының шикізат өндіруші салаларға тәуелділігі аталған.

Мысалы, Әзербайжанда ислам банкингінің түрлі формаларын енгізу талаптары өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан басталып, 2015 жылға дейін жалғасты. Бертінде, 2021 жылы тиісті жобалар қайта жанданыпты.

"Біздің елімізде сондай-ақ, 2017–2020 жылдары ислам банкингін ендіруге арналған заңнамалық базаны дайындау жұмыстары жүргізілді. Осы кезеңде Ислам даму банкі мен Әзербайжанның экономика министрлігі 200 мың доллардың бірлескен жобасын жүзеге асырды. Қазіргі уақытта Әзербайжанның Орталық банкі елде ислам банкингін дамыту бағыттарын анықтауға бағытталған, 2026 жылға дейінгі тұжырымдаманы әзірледі. Онда инклюзивті исламдық қаржыландыру мәселелерінің шешімі ұсынылады", – деп хабарлады әзербайжандық "Азертадж" агенттігі.

Дегенмен, S&P Global Rating сарапшыларының байламынша, Тәжікстандағы мен Қырғызстандағы ислам банкингінің тез өсе бастауы бұл аймақта да оның дәстүрлі банктермен бәсекелесе алатынын болжауға мүмкіндік береді.

Тәжікстанның Asiaplus агенттігінің дерегінше, бұл елде ислам банкингін енгізу 2010 жылдары қолға алынды. 2014 жылы республикада "Ислам банктік қызметі туралы" заң қабылданды. Ізінше халықаралық кеңесшілердің көмегімен, Тәжікстан исламдық қаржы ұйымдарының қызметін регламенттеуге және қадағалауға арналған бірқарат нормативтік құқықтық актілерді қабылдады.

Бұл ретте ислам банктері зайырлы елдің қалыбымен емес, исламдық қызмет стандарттары мен исламдық қаржыландыру қағидаттарына сәйкес реттелуге тиіс. Осы орайда республикада "Ислами банктік терезе" құрылыпты.

2019 жылғы қыркүйекте "Тавхидбанк" ААҚ ислам банкингі қағидаттары бойынша операцияларды жүзеге асыруға лицензия алған. 2020 жылдың басында "Хумо" және "Имон" кредиттік-қаржылық ұйымдары да аталған "бір терезе" арқылы тиісті лицензия алды. 2021 жылғы қазанда "Алиф Банк" ислам банкіне трансформациялану процесін бастау үшін Тәжікстанның Ұлттық банкіне тиісті құжаттарын бағыттады. Дегенмен, ол трансформация әлі күнге аяқталмапты.

ТҰБ басшылығы елдің бірқатар несиелік-қаржылық ұйымдары ислам банкі ретінде қайта құрылу үшін құжаттарын жолдағанын жариялады. Оның бәрі қаралу сатысында екен.

Тәжіктің Ұлттық банкінің дерегінше, былтырғы жағдай бойынша республикадағы ислам ұйымдарының активі 264 млн сомониді құрады. Соның ішінде 133 млн сомони – капиталы, 131 млн сомони – міндеттемелері.

Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, еліміздегі 22 екінші деңгейдегі банктің екеуі – ислам банкі. Бұлар – "Al-Hilal" Ислам Банкі" акционерлік қоғамы және "Заман-Банк" Ислам банкі" АҚ.

Қаржы нарығын реттеу агенттігі 2024 жылғы 3 наурызда Фарук Абдулрахман Мохамед Хасан Аль Марзукидің "Al-Hilal" Ислам Банкі" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы лауазымына тағайындалуына келісімін берді.

Ислам банкінің елімізде қалыптасу тарихына тоқталсақ, Ұлттық банктің дерегінше, 2009 жылдың 12 ақпанында, ел тарихында алғаш рет "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ислам банктерін ұйымдастыру мен олардың қызметі және исламдық қаржыландыруды ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы қабылданды.

Артынша, сол 2009 жылдың 7 маусымда "Қазақстан Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасында ислам банкін ашу туралы келісімді ратификациялау туралы" заңына қол қойылды. Дәл осы заң Қазақстандағы бірінші ислам банкінің – "Al Hilal Bank" АҚ-ның ашылуының негізін қалады. Ол БАӘ-нің Al Hilal ұйымының 100% еншілес мекемесі болып табылады.

Осы оқиғаға қанаттанған бірінші Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылғы 29 қаңтардағы халыққа жолдауында Үкіметке "Қазақстанды 2020 жылы ТМД мен Орталық Азиядағы ислам банкингінің өңірлік орталығына айналдыру" және "Азиядағы  жетекші  қаржы орталықтарының ондығына енгізу" тапсырмасын қойды.

Сол 2010 жылы бекітілген "2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында": "2020 жылға қарай отандық қор нарығы ТМД мен Орталық Азия елдерінің ішінде ислам банкингінің өңірлік орталығына айналады" деп бекітілді.

Арада он төрт жыл уақыт өтті, ол міндеттер орындалмады.

2011 жылдың 28 маусымында Н.Назарбаев Астанада өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің саммитінде: "Алматы ислам қаржыландыруын қолданатын өңірлік қаржы орталығы ретінде дамытылатынын" жариялады. Ол да жайына қалды.

2024 жылдың басында Қатардың ислам банкі Lesha Bank Қазақстандағы Bereke Bank-ті сатып алу туралы алдын ала келісімге қол қойды. Алайда әзірге бұл банк (бұрынғы "Сбербанк Қазақстан") дәстүрлі, зайырлы банк ретіндегі жұмысын жалғастыруда.

Дәстүрлі банктерден айырмашылығы сол, ислам банкингі шариғат, яғни ислам құқығы қағидаттары бойынша жұмыс істейді. Өз қызметінде исламның моральдық нормалары мен құндылықтарын басшылыққа алады. Сарапшылардың айтуынша, онда жинаққа пайыздық сыйақы берілмейді. Сондықтан олар елімізде көбіне корпоративтік клиенттермен көбірек істес болып жүр.

Ислам банкі өз борышкерінің қарызын сатпайды, коллекторға табыстамайды. Берешегі үшін клиенттің мүлкін тартып алуға да тыйым салынған. Барлық тәуекелдер банк пен клиент арасында тең дәрежеде бөлінеді.

2021 жылғы жалпыұлттық санақтың қорытындысында, Қазақстан тұрғындарының 69,3%-ы Ислам дінін ұстанатыны белгілі болды. Оның ішінде шамамен 1,6 млн ересек азамат бес күн намаз оқиды.

Кейінгі бес жыл ішінде Қазақстанда ислам банктері орташа жылдық 18% қарқынмен өсіп келеді. Салыстырсақ, жалпы банк секторындағы орташа жылдық өсім – 12%. Соған қарамастан, ислам банкингінің сектордағы үлесі 0,2%-дан аспаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу