Шарипова Қазанда өтетін жекпе-жекке қатыспайды

1648

Кәсіпқой боксшы Фируза Шарипованың 19-шілдеге жоспарланған кездесуі өтпейтін болды. Қазақстандық боксшы қыз ресейлік Софья Очигаваға қарсы Қазан қаласында өтетін жекпе-жекке бара алмайтынын мәлімдеді. 

Шарипова Қазанда өтетін жекпе-жекке қатыспайды

Былтыр күзде Фируза қаражат тапшылығына байланысты спорттық мансабының аяқталғанын жариялаған болатын. Үш жылдық спорттық мансабындағы басты мақсаты финляндиялық Әлем чемпионы Ева Вальстроммен жекпе-жекке шығу еді. Алайда Шарипова ол мақсатына жете алмады. 

Фируза әмбебап боксшы. Ол бір салмақ дәрежесінен екінші салмақ дәрежесіне еркін ауысып жүре береді. Нәтижесінде қазақстандық боксшы 11 кездесу өткізіп оның онын жеңіспен аяқтаған. Сонымен қатар екінші жартылай жеңіл салмақта және (IBO) жеңіл (WIBA, WBU) салмақта Әлем чемпионы атанған. Шарипова 2016 жылы өзін жеңген жалғыз қарсыласы Софья Очигаваға үндеу тастап, ресейлік боксшыны нокаутқа жіберуге дайындалып жүрген. Кездесу 19 маусым күні Қазан қаласында өтеді деп жоспарланған еді. Коронавирус пандемиясына байланысты жекпе-жек 19 шілдеге ауыстырылған. Фируза Мәскеуде Очигаваға қарсы өткен бокс кешінде өзінің жеңілмегенін дәлелдеу мақсатымен екінші кездесу өткізуге қарсыласына ұсыныс білдірді. Алайда енді ол жекпе-жек те белгісіз мерзімге кейінге шегерілді. 

Бұл жайлы қазақстандық боксшы қыз Instagram әлеуметтік желісіндегі өзінің парақшасында жариялады. "Достар, менде жаман хабар бар. Коронавирусқа байланысты мен Қазан қаласында өтетін оқу-жаттығу жиындарына бара алмаймын. Сондықтан менің Софья Очигаваға қарсы өтуі тиіс жекпе-жегім кейінге қалды. Өкінішке қарай Софья келесі кездесуін басқа қарсыласымен өткізеді. Толығырақ кейін айтып беремін... Маған жақын арада Қазанға жетуге кім көмектесе алады, Direct-ке жазыңыздар", - деп жазды Шарипова. 

Шарипова мен Очигава кездесу өткізгеннен кейін ирландиялық Кэти Бриджет Тейлорға қарсы рингке шығуды жоспарлап отырған. Тейлор футболдан өз елінің Ұлттық құрамасында ойнайтынына қарамастан кәсіпқой бокста да жекпе-жектер өткізіп тұрады. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша шаршы алаңға шығып жүрген ирландиялық боксшы 2017 жылдан бері WBA нұсқасы бойынша Әлем чемпионы. 

Сонымен, енді Фируза Шарипованың қай боксшымен қашан шаршы алаңға шығатыны белгісіз.

Ермұхамед Мәулен

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу