Шарипова келесі жексенбіде рингке шығады

1737

Кәсіпқой бокстан қазақстандық қыздар арасынан шыққан тұңғыш Әлем чемпионы Фируза Шарипова спорттық мансабындағы он екінші жекпе-жегінің қай күні өтетінін жариялады.

Шарипова келесі жексенбіде рингке шығады

Осы уақытқа дейін он бір жекпе-жек өткізген Шарипова екі чемпиондық атақ жеңіп алды  және тек ресейлік Софья Очигаваға ғана жеңілді. Қазақстандық боксшы қыз былтыр спорттық мансабымды аяқтадым дегенімен, биылғы жылдың сәуір айында рингке қайта оралатынын мәлімдеп, 2016 жылы Мәскеуде өзі жеңілген Софья Очигаваға үндеу тастады. Екі боксшы арасындағы жекпе-жек 19-маусымға Қазан қаласында өтеді деп жоспарланып, кейіннен карантинге байланысты 19-шілдеге ауыстырылды. Маусым айының аяғында Шарипова шекара жабық болғандықтан Ресейге бара алмайтынын хабарлады. Сондықтан Очигаваға басқа қарсылас іздеуге тура келді.

Карантинге байланысты шекара жабық болғандықтан, Фируза ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға және Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіге ашық хат жолдап, Қазан қаласына баруға көмектесулерін сұраған. Нәтижесінде Шарипова 14-шілде күні өзінің Instagram парақшасында Қазанға жеткенін мәлімдеген болатын. Алайда қазақстандық боксшының кіммен және қай күні жекпе-жекке шығатыны белгісіз болатын.  Ал енді кездесудің 26-шілде күні өтетіні белгілі болды. Бұл жайлы боксшы қыз өзінің Instagram парақшасында жариялады. "Достар кездесу 26-шілде өтетін болды. Толық ақпаратты кейінірек хабарлаймын", - деп жазды Фируза әлеуметтік желіде.

Содай-ақ  осы аптаның демалыс күндері  орта салмақта өнер көрсетіп жүрген Жәнібек Әлімханұлының да алдағы уақыттағы жоспарлары белгілі болды.

Осыған дейін сегіз кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен WBO Global және WBC Continental Americas чемпиондық атақтарын қорғап қалу үшін 28-наурыз күні Исса Самирге қарсы шаршы алаңға шығуы тиіс еді. Канадада өтуі тиіс жекпе-жек коронавирус пандемиясына байланысты өтпей қалды. Енді Әлімханұлы шілденің соңында Солтүстік Америкаға қайта оралып, жыл соңына дейін өткізуі тиіс үш кездесуге дайындалады. Бұл жайлы боксшы өзінің  Facebook парақшасында жариялады.

Ермұхамед Мәулен

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу