Шарипова мен Очигава арасындағы жекпе-жек кейінге шегерілді

2109

Қазан қаласында Фируза Шарипованың қатысумен өтуі тиіс бокс кешін ұйымдастырушылар шілде айына ауыстырды.

Шарипова мен Очигава арасындағы жекпе-жек кейінге шегерілді

Ratel Pro Fight промоутерлік компаниясы Қазандағы турнирді кейінге шегеруді жөн санады. Фируза Шарипова 2012-жылы өткен Олимпиада ойындарының финалисті ресейлік Софья Очигаваға қарсы рингке шығады. Бұл туралы қазақстандық боксшының баспасөз қызметі хабарлады. Турнирдің ұйымдастыру комитеті коронавирус пандемиясына байланысты кездесуді 19 маусымнан 4 шілдеге ауыстырып отыр.

Сәуір айының ортасында қазақстандық боксшы әлеуметтік желіде жекпе-жекке дайындықты дұрыс жүргізе алмай жатқанын жазды. Себебі қазіргі уақытта еліміздегі бокс залдары, стадиондар мен спорт алаңдары жабық екенін айтты. Ал оның қарсыласы Очигаваның айтуы бойынша кәсіби жекпе-жекке дайындалу үшін Ресейде де мүмкіндік жоқ. Сондықтан кездесуге сақадай сай болу үшін үй жағдайында жаттығу жасап жатқанын мәлімдеді. Нәтижесінде, бокс кешін ұйымдастырушылар турнирді кейінге шегеруді жөн санады. Дегенмен Шарипованың жаттығу жасауда біраз басымдылығы бар десек те болады. Себебі енді Қазақстанда аулаларда және спорт алаңдарында таңғы сағат 6-дан бастап жаттығу жасауға рұқсат берілді. Сондықтан боксшының кездесуге дайындықты бастауға мүмкіндігі бар.

Естеріңізге сал кетсек, Шарипова өткен жылы күзде өзінің спорттық мансабының аяқталғанын жариялаған. Өйткені жекпе-жектерді ұйымдастыру қыруар қаржыны талап еткеді. Осыған байланысты WBC чемпиондық белбеуінің иегері Ферузаның командасы финляндиялық Ева Вальстерге қарсы өтуі тиіс кездесуді ұйымдастыра алмады.

Алайда сәуір айында Шарипова рингке қайта оралғысы келетінін өзінің Instagram парақшасында жариялаған еді және бірден ресейлік Софья Очигавамен кездескісі келетінін хабарлады. Очигава мен Шарипова кәсіпқой бокста алғаш рет 2016-жылы мамыр айында кездескен. Ол кезде ресейлік боксшы қазылардың шешімімен 4 раундта да жеңіске жетті. Ал осы жолы Шарипова сол кездегі жеңіліс үшін қарымтасын қайтарғысы келетінін жазған. Оған жауап ретінде Очигава өзінің парақшасында Қазан қаласында италиялық Анджелой Канницароға қарсы өткен кездесуіндегі бейнежазбасын жариялады және бейнежазба астына Шарипованың да осындай күйге түскісі келе ме деп сұраған болатын. Ол кезде италиялық боксшыны Софья нокаутқа жіберген. Ал 17-сәуір күні  allfight.ru басылымы екі тарап келісіп, биыл 19-маусым күні Қазан қаласында жауапты кездесудің өтетін жариялады. Кейінірек Татарстан астанасында жоспарланған бокс кешіне Қазақстан атынан тек Шарипованың ғана қатыспайтыны белгілі болды. AllFight.Ru басылымының хабарлауынша ұйымдастырушылар орта салмақта кәсіпқой бокста өнер көрсетіп жүрген 28 жасар Диас Тастеміровтың да жекпе-жек өткізу мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады. Диас кәсіби рингте 4 кездесу өткізіп, төртеуінде де жекпе-жекті мерзімінен бұрын жеңіспен аяқтады. Естеріңізге сала кетсек, Тастеміров 23-наурыз күні Алматыдағы турнирде рингке шығуы керек еді. Алайда, карантинге байланысты турнир өтпей қалды. Сонымен бірге Диастың қарсыласы Алматыда жекпе-жекке шығуы керек болған камерундық Герин Сох Фонку болуы мүмкін.

Ермұхамед Мәулен

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу